22 октября 2025


«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Республика күні қарсаңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттерге арналған «Заң мен тәртіп» тақырыбында ашық дәріс ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, заңға құрметпен қарауды қалыптастыру және құқықбұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын насихаттау.

Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері — департаменттің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының жетекшісі Жанар Тайгаранова және Ұйымдастыру-бақылау басқармасының тергеушісі Жандос Музтауов қатысты.

Спикерлер студенттерге құқықбұзушылықтардың салдары, қаржылық және цифрлық қауіпсіздік, сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында елімізде алғаш рет өткізілген Ұлттық қаржылық қауіпсіздік олимпиадасының нәтижелері мен қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктанттың қорытындылары жарияланды. Аталған диктантқа облыс бойынша 153 мыңнан астам тұрғын қатысып, олардың қатарында Аманжолов университетінің студенттері де белсенділік танытты.

Спикерлер қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға азаматтардың тартылу мәселесінің өзектілігін атап өтіп, жастарды құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға шақырды.

Аталған іс-шара Республика күніне орайластырылып өткізіліп, ел жастарын құқықтық мемлекет құндылықтарына баулуға бағытталды.