11 декабря 2025
ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСТАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН «СТУДЕНТТЕР ЗАҢ ҮШІН» ФОРУМЫ ӨТТІ
Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы, Өскемен қалалық прокуратурасы, Өскемен қалалық полиция департаменті және Өскемен қалалық әкімдігі бірлесе отырып, жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара – «Студенттер заң үшін» атты форум өтті. Бұл жиын өңір жастарының құқықтық сауаттылығын көтеруге, олардың қауіпсіздік мәселелеріндегі белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамда жиілеп отырған әлеуметтік қатерлердің алдын алуға арналған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Форумға өңірдегі заңдылық, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп үшін жауапты мемлекеттік орган басшылары қатысты: Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Жандос Қоныров, Өскемен қаласының прокурорының міндетін атқарушы Әділет Серіков, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Шакиров, Өскемен қалалық полиция басқармасының басшысы Айдын Ботаханов, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы, ректор Мұхтар Төлеген және Шығыс Қазақстан облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Аксана Каленова жастармен тікелей диалог құрып, олардың сауалдарына нақты әрі түсінікті жауаптар берді. Әрбір спикер тәжірибесіне сүйене отырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызын, жастардың жеке жауапкершілігін және заң талаптарын сақтаудың қажеттілігін ерекше атап өтті.
Форум барысында қала қауіпсіздігіне қатысты өткір мәселелер жан-жақты талқыланды. Жастардың күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде жиі кездесетін қауіп-қатерлерін түсіндіру, оларды болдырмау жолдарын нақты мысалдармен көрсету – кездесудің негізгі бағыты болды. Қазіргі ақпараттық дәуірде фейк жаңалықтар мен манипуляциялар, әлеуметтік желілердегі деструктивті қозғалыстардың ықпалы, алаяқтықтың күрделі әдістері, жастарды қылмыстық әрекеттерге тарту сынды жайттар қоғамда өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Осыған орай форумда интернет-алаяқтық, дропперлік схемалар, есірткі айналымындағы жасырын «қоймалар», лудомания, онлайн ойындарға тәуелділік, буллинг пен кибербуллинг сияқты қауіптер кеңінен талданды.
Спикерлер жастарға заманауи қылмыс түрлерінің нақты механизмдерін түсіндіріп, олардың құқықтық салдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Алаяқтардың Telegram-боттар арқылы ұсынылатын схемалары, банк картасын уақытша «қолдануға беру» деп басталып, қылмыстық жауапкершілікке алып келетін дропперлік әрекеттердің заңы, есірткі тасымалының жаңа тәсілдері мен жасырын «закладчик» болудың ауыр зардабы – қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен бірге онлайн ойындар мен бәс тігуге тәуелділіктің психологиялық әсері, оның әлеуметтік салдары және алдын алу жолдары да кеңінен түсіндірілді.
Кездесу интерактивті форматта өтті. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды еркін қойып, құқық қорғау органдарының жұмысы, қаладағы қылмыс жағдайы, интернеттегі алаяқтықтың жасырын жолдары туралы толыққанды ақпарат алды. Сонымен қатар қатысушылар анонимді түрде өз ұсыныстарын жазып, қаладағы қауіпсіздікті күшейтуге қатысты ойларын ұйымдастырушыларға жеткізді. Бұл бастама жастардың көзқарасын, қаладағы шынайы қажеттіліктерді және студенттердің қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамайтынын айқын көрсетті.
Форум нәтижесінде жастардың бастамасымен әрі мемлекеттік органдардың қолдауымен жаңа құрылым – «Заң. Тәртіп. Болашақ» студенттік ұйымы құрылды. Бұл ұйымның мақсаты – студенттердің құқықтық мәдениетін нығайту, қауіпсіздік саласындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тұрақты іс-шаралар ұйымдастыру. Жаңа ұйым жастарды қоғам қауіпсіздігін сақтауға жұмылдыратын маңызды алаң болмақ.
Жалпы алғанда, «Студенттер заң үшін» форумы жоғары деңгейде өтіп, студенттер мен мемлекеттік құрылымдар арасында мазмұнды диалог орнатылды. Жастардың қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін бұл кездесуде барлығы атап өтті. Мемлекеттік органдар түсіністікпен қабылдап, жастардың пікірін тыңдап, ашық әрі тиімді коммуникация орнатты.
Аталған форумды өткізуге және жастар бастамаларын дамытуға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті толық қолдау білдіреді, әрі алдағы уақытта да өңір жастарының қауіпсіз, саналы және жауапты буын болып қалыптасуына барынша үлес қоса бермек.









