12 декабря 2025


ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Құқықтық мемлекет және белсенді азамат: Қазақстан Республикасында «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайтудағы азаматтардың, Конституциялық Соттың және құқық қорғау органдарының рөлі» тақырыбында Тәуелсіздік күніне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты – конституциялық сот төрелігін іске асыру тәжірибесін, оның құқықтық мемлекеттің қалыптасуындағы және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырудағы маңызын талқылау болды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаев, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық құқық кафедрасы профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов, сондай-ақ ШҚО құқық қорғау органдарының басшылары, азаматтық қоғам өкілдері, заңгер-ғалымдар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Шараны Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов құттықтау сөзімен ашып, құқықтық мәдениетті нығайтудың мемлекет тұрақтылығы үшін зор маңызын атап өтті.

Пленарлық бөлім барысында Конституциялық Сот судьясы Еркін Оңғарбаев Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі ерекше рөлін айрықша көрсетті. Оның айтуынша, Ата заң нормалары жастардың азаматтық бірегейлігін қалыптастырудың, заңды құрметтеудің және мемлекет алдындағы жауапкершіліктің негізінде жатыр.

Еске сала кетсек, Аманжолов университетінің Конституциялық Сотпен тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастығы қалыптасқан. Осы орайда, Конституциялық Сот Аппараты мен Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған, бұл ғылыми және білім беру бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Іс-шараның ең маңызды сәттерінің бірі – Еркін Оңғарбаевқа Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Құрметті профессоры атағының берілуі болды. Бұл шешімді университеттің басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген жария етті. Еркін Оңғарбаев ұзақ жылдар бойы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында қызмет етіп, көптеген жас заңгер-ғалымдарды тәрбиелеген, 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Ректор жаңа Құрметті профессорды құттықтап, оған мықты денсаулық, мемлекеттік маңызды миссиясын жүзеге асыруда табыс және тың ғылыми жетістіктер тіледі.

Сонымен қатар, Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл марапат оның жоғары білімді дамытуға және елімізде құқықтық мәдениетті нығайтуға қосқан елеулі үлесін айқындайды.

Бүгінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өңірдің жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі болып қала отырып, мемлекеттік институттармен ынтымақтастықты дамытып, жастар арасында құқықтық мемлекеттің құндылықтарын белсенді насихаттап келеді.