24 сентября 2025


ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОРДЫҢ ДӘРІСІ ӨТТІ

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға Италияның Генуя университетінің профессоры Диана Спулбер келді. Оның сапары халықаралық ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып, бірқатар кездесулер мен дәрістер өткізілуде.

Алғашқы күн «Инклюзияға кіріспе» тақырыбындағы ашық дәріспен басталды. Іс-шараға педагогика және арнайы білім беру бағыттарында оқитын білім алушылар мен оқытушылар белсенді қатысты.

Профессор Спулбер инклюзивті білім беру саласындағы еуропалық тәжірибе, заманауи тәсілдер мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істеудің тиімді әдістерін таныстырды. Сонымен қатар, инклюзияның әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық қырларына ерекше назар аударылды.

Кездесу еркін диалог форматында өтті — қатысушылар сұрақ қойып, пікір алмасып, ұсынылған материалдарды талқылады.