8 января 2026


ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: AMANZHOLOV UNIVERSITY МАМАНДАРЫНЫҢ ӨҢІРЛІК СЕМИНАРДАҒЫ САРАПШЫЛЫҚ БАҒЫТЫ

Amanzholov University өкілдері Қазақстан-Американдық еркін университеті (КАСУ) базасында ұйымдастырылған «Инклюзивті білім беру әдістемесі: оқытушының кәсіби дағдыларын дамыту» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік семинарға спикер ретінде қатысты.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жанынан ректор Мұхтар Төлегеннің бастамасымен ашылған «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы бүгінде өңірде инклюзивті білім беруді дамытудың флагмандық алаңына айналып отыр. Орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды кешенді сүйемелдеуге бағытталған заманауи тәсілдерді енгізіп, педагогтерге арналған әдістемелік қолдау жүйесін жетілдіруде және тиімді тәжірибелерді білім беру ұйымдары арасында кеңінен таратуда.

Семинар барысында «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова және психология ғылымдарының кандидаты, психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы, «Dana bala» орталығының әдіскері Юлия Кукина мазмұнды баяндамалар жасап, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Спикерлер өз сөздерінде оқытушылардың инклюзивті ортада кәсіби құзыреттерін қалыптастыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыс жүргізудің тиімді әдістері, психологиялық-педагогикалық қолдау модельдері мен білім беру процесін бейімдеудің практикалық тетіктерін жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар заманауи білім беру трендтері, педагогтердің soft skills дағдыларын дамыту және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Аталған семинар жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуға, инклюзивті білім беру сапасын арттыруға және өңірлік білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.