22 сентября 2025


ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТАН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері студенттерге арналған мазмұнды семинар өткізді.

Кездесу барысында қазіргі таңда қоғамда жиі кездесетін интернет-алаяқтық түрлері, олардың адамдарға тигізетін зардаптары және алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, жастар арасында кеңінен таралып келе жатқан дропперлік әрекеттерге қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселелері де қозғалды. Бұл бағыттағы нақты мысалдар келтіріліп, әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы толыққанды ақпарат берілді. 

Семинарда ерекше назар аударылған тағы бір маңызды тақырып – қаржылық сауаттылық. Студенттер өз қаражатын дұрыс басқару, күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақтану және алаяқтардың арбауына түспеудің негізгі қағидаларымен танысты.

Мұндай шаралар жастардың құқықтық және цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, олардың қауіпсіздігіне және саналы шешім қабылдауына ықпал етеді. Семинар соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, практикалық кеңестер алды.