11 февраля 2026


ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Өскемен қаласы Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлерімен студенттердің интернет-алаяқтық және жастардың құқықтық қауіпсіздігі мәселелеріне арналған профилактикалық кездесуі өтті.

Бүгінде цифрлық дәуірдің «көрінбейтін майданы» әр смартфонның ішінде жүріп жатыр. Күн сайын мыңдаған қазақстандықтар алаяқтардың құрбаны болып, қомақты қаржысынан айырылуда. Сондықтан жастар арасында құқықтық сауаттылық пен цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.

Кездесу барысында студенттерге интернет-алаяқтық мәселелері жөніндегі уәкіл Дулат Қабышов, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Амангелді Дарибаев, учаскелік инспектор Бейбит Иксанов және криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Сунгат Сейілжанов түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ашық диалог форматында өтті. Негізгі мақсат – құқықбұзушылық статистикасымен таныстыру ғана емес, студенттердің құқықтық иммунитетін қалыптастырып, жеке қауіпсіздікке саналы көзқарас орнықтыру.

Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың ең көп таралған әрі айлакерлік тәсілдері туралы жан-жақты баяндады. Әсіресе, өздерін банк қызметкері ретінде таныстыратын телефон алаяқтары мен әлеуметтік желілердегі жалған ұтыс ойындары студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Кездесу тәжірибелік сипатта өтті: студенттер өздері немесе жақындары тап болған нақты жағдайлармен бөлісті. Мамандар әрбір оқиғаға құқықтық баға беріп, алаяқтық әрекет анықталған алғашқы минуттарда қандай қадамдар жасау керектігін түсіндірді.

Университет қабырғасында ұйымдастырылған бұл шара студент жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды. Өйткені заң мен тәртіп сақталған жерде алаяқтыққа орын жоқ. Дегенмен құқықбұзушылықтан қорғану әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетіне байланысты екені анық.