24 сентября 2025


ИТАЛИЯЛЫҚ ПРОФЕССОР С. АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА ДӘРІС ОҚИДЫ

Биылғы жылдың 22 қыркүйегі мен 22 қазан аралығында университетте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Италияның Генуя университетінің жетекші маманы, профессор Диана Спулбер дәрістер циклін өткізеді.

Профессор Спулбер — когнитивті және әлеуметтік психология, мәдениетаралық білім беру, жобалық менеджмент және мәдениетаралық коммуникация салаларында танымал ғалым.

Ол «Психология», «Педагогика», «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру», «Арнайы педагогика» және осы бағытта оқитын студенттерге арналған дәрістер оқиды.

Дәріс тақырыптары қазіргі білім берудің маңызды мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда мультикультуралық ортадағы инклюзивті дидактика; интеграция, инклюзия және мәдениетаралық өзара әрекеттестік; болашақ педагогтердің мәдениетаралық құзыреттерін дамыту; білім алушыларды қолдаудың бейімделген тәсілдері мен стратегиялары; Қазақстандағы инклюзия бойынша халықаралық тәжірибе және оның болашағы; инклюзивті білім берудегі инновациялар мен этикалық негіздер.

Диана Спулбердің университетке келіп дәріс беруі білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен тәжірибе алмасуға қосылған зор үлес.