3 ноября 2025


МЫҚТЫ РУХ ЖӘНЕ ҰЛЫ МАҚСАТ: AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ЕГОР КАЛАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенті Егор Калаев жақында өткен «Абай облысы әкімінің Кубогы» ашық облыстық турнирінде бірінші орынды жеңіп алды. Жарыс барысында ол барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып шықты. Татами үстінде Қазақстанның сегіз өңірінен және көршілес елдерден келген спортшылар күш сынасты.

Егор Калаев карате өнерімен жеті жасынан бастап айналысады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезден бастап жапон жауынгерлік өнері оның жүрегін жаулап алған еді. Бүгінде 11 жыл бойы осы спортқа адалдық танытып, жаңа белестерге ұмтылуда.

Каратеге қызығатындар көп, алайда бұл жолда ұзақ жыл табандылықпен еңбек ету бәріне бұйырмайды: біреулер шаршайды, біреулер басқа бағыт іздейді. Бірақ Егор – жеңіл берілетіндердің қатарынан емес. Ол өз мақсатына сенеді және оған нық әрі жүйелі түрде қадам басуда. Қазіргі таңда ол Sokyokushinkai Kan Karate бойынша спорт шеберлігіне кандидат, бірінші дан қара белбеу иегері, қалалық, облыстық және республикалық жарыстардың чемпионы, Қазақстан құрамасының мүшесі. Токиодағы (Жапония) әлем чемпионатына қатысқан, Үндістанда абсолюттік салмақ дәрежесінде халықаралық турнир чемпионы атанған. «Жыл спортшысы» номинациясының иегері. Бұл – оның жетістіктер тізімінің басы ғана.

Егор өз бапкері – ҚР спорт шебері, төртінші дан қара белбеу иегері Николай Владимировпен бірге жаңа биіктерге дайындалуда. Алда – 2027 жылы жапондық Сидзуока префектурасында өтетін Sokyokushinkai Kan Karate бойынша екінші әлем чемпионаты. Қазір қарқынды дайындық жүріп жатыр. Жақын айларда шеберлікті шыңдау үшін бірқатар халықаралық жарыстарға қатысу жоспарлануда. Егордың айтуынша, «үлкен мақсаттар мен үлкен үміттер демалысқа уақыт қалдырмайды».

Студент оқу үдерісін де табысты жалғастыруда. Оның сөзінше, университет тарапынан зор қолдау көрсетіледі: оқу уақытын икемді жоспарлау мүмкіндігі, оқытушылардың түсіністігі мен қолдауы маңызды жарыстарға сапалы дайындалуға жағдай жасайды. Мұндай көзқарас студенттік өмір мен спорттық мансапты үйлесімді алып жүруге мүмкіндік береді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы өз студенттерінің жетістіктерін мақтан тұтады. Спортшылардың табыстары – университет абыройына қосқан үлес әрі жас буынға шабыт пен жігер беретін үлгі.