12 ноября 2025
ОТБАСЫНЫҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ ИГІЛІГІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Отбасының эмоционалдық игілігі: зерттеулер мен практикалық шешімдер» атты ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Іс-шараны «DANA BALA» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы Ресей үйінің (Өскемен қаласы) қолдауымен өткізді. Семинар педагогтарды, психологтарды, студенттер мен магистранттарды біріктіріп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен отбасыларды қолдаудың заманауи тәсілдерімен таныстырды.
Семинардың басты мақсаты — бала тәрбиесінде және оны қоғамға бейімдеуде қиындықтарға кезіккен отбасылармен жұмыс істейтін мамандарға әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету. Бағдарламада әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, ата-аналық құзыреттерді дамыту және отбасының психологиялық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған дәрістер, талқылаулар мен практикалық сабақтар өтті.
Шара барысында халықаралық тәжірибеге ерекше назар аударылды. Семинарға Ресейдің «Азбука счастливой семьи» білім беру ұйымының жетекші мамандары қатысып, отбасы тәрбиесін қолдау және психолог кадрларын даярлау бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Айта кетейік, бұл ұйым ата-аналар мен балалармен жұмыс істеудің тиімді әдістерін үйретіп, «Тұрақты отбасы» клубтарын дамытып, Ресейдегі «Жаңа уақыттың 100 мықты идеясы» байқауының финалистері қатарынан көрінген.
АНО «Азбука семьи» ұйымының жетекші әдіскері әрі тренер-супервизоры Наталья Мишанина «Бақытты отбасы әліппесі: дәстүрлі отбасылық құндылықтар» атты интерактивті дәріс өткізді. Ол отбасындағы жылы қарым-қатынастың бала дамуына әсерін ерекше атап өтті:
«Балаға сүйіспеншілік сөзбен ғана емес, іс-әрекет арқылы да сезілуі керек. Үйдегі қолдау мен сенімділік баланың ішкі тұрақтылығын қалыптастырады, әлемге деген сенімін арттырады», — деді сарапшы.
Ғылыми қызметкер Анна Еселевич Санкт-Петербург мемлекеттік университеті мен «Азбука семьи» орталығының бірлескен зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу көрсеткендей, ата-аналардың психологиялық тұрақтылығы — баланың үйлесімді дамуының басты кепілі.
Бағдарламаның практикалық бөлімінде «Бақытты ата-ана — бақытты бала» атты тренинг элементтері бар мастер-класс өтті. Қатысушылар отбасы ішіндегі эмоционалдық байланысты нығайтудың тиімді әдістерін үйренді.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ «Психология және түзету педагогикасы» кафедрасының аға оқытушысы, пс.ғ.к. Юлия Кукина орталықтың жаңа бағыты туралы тоқталды:
«Біз бірнеше жылдан бері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеп келеміз. Енді осы жұмысты ата-аналармен жүйелі қолдаумен толықтыру маңызды. Себебі баланың алғашқы құндылықтары мен сенімі, қауіпсіздік сезімі отбасында қалыптасады. Мұндай кездесулер мамандар мен ата-аналарды біріктіріп, баланың үйлесімді дамуына жол ашады», — деді ол.
Семинарға қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде өткенін және алған білімнің практикалық маңызын ерекше атап өтті. Шара мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңына айналып, жаңа идеялар мен құралдар берді. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.