3 марта 2026
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АЙҚЫН» ГАЗЕТІНДЕ УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫНЫҢ МАҚАЛАСЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Бүгін республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректоры Мұхтар Төлегеннің «Ата Заң – әділетті қоғамның берік тұғыры» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада жаңартылып отырған Конституцияның ел дамуы үшін тарихи маңызы кеңінен талданады. Автор Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бұл кезеңнің аса жауапты әрі тағдырлы екенін атап өтіп, Негізгі заң деңгейінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының нақтылануы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарының жүйелі түрде бекітілуін құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалайды.
Ректор өз мақаласында Конституцияның мемлекеттің құқықтық, саяси және қоғамдық дамуының іргетасы екенін ерекше атап көрсетеді. Оның пікірінше, Ата Заң билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті айқындап қана қоймай, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті нақтылайды. Сонымен қатар Конституция – қоғам құндылықтарын айқындайтын және елдің болашақ даму бағытын белгілейтін стратегиялық құжат.
Мақалада Конституциялық комиссия жұмысының ашық әрі инклюзивті сипатта өткеніне назар аударылады. Азаматтар мен сарапшылар тарапынан түскен мыңдаған ұсыныстардың ескерілуі реформалардың формалды емес, нақты қоғамдық сұранысқа негізделгенін көрсететіні айтылған.
Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа нормаларға ерекше мән беріледі. Кінәсіздік презумпциясын нақтылау, бір құқықбұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға жол бермеу, адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігін бекіту – құқықтық мемлекеттің басты белгілері ретінде сипатталады. Бұдан бөлек, адам қадір-қасиетінің мызғымастығын айқындайтын және азаптауға, зорлық-зомбылыққа толық тыйым салатын нормалар Конституцияның гуманистік сипатын айқындайтыны атап өтіледі.
Университет ректоры мақаласында ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер елдегі тұрақтылықты сақтауға, әділетті қоғам құруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадам екенін білдіреді. Автор жаңартылған Ата Заң Қазақстанның демократиялық даму жолындағы сенімді тірегіне айналатынына сенім білдіреді.


