8 января 2026


СПАРТАКИАДА – 2026 АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде дәстүрлі жыл сайынғы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған спорттық іс-шара профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлерін бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру шараларына кеңінен тарту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты шара барысында қатысушыларға Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова құттықтау сөз сөйлеп, спорт пен командалық рухтың ұжымдық мәдениетті нығайтудағы және белсенді өмір салтын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Спартакиаданың алғашқы кезеңі 6 қаңтар күні өтті. Бұл кезең аясында команда капитандары арасында жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша алдағы жарыстарға арналған топтар анықталды.

Бес күнге созылатын спартакиада барысында 10 команда спорттың жеті түрі бойынша өзара бақ сынайды. Жарыс бағдарламасына үстел теннисі, жүзу, волейбол, футзал, тоғызқұмалақ, шахмат және арқан тарту спорт түрлері енгізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыс тартысты әрі әсерлі өтеді деп күтілуде, ал қатысу ұжым мүшелері арасындағы ынтымақтастықты арттырып, спорттық рухты күшейтуге зор мүмкіндік береді.