8 января 2026


СПАРТАКИАДА – 2026: ЖҮЗУ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНЫҢ БӨЛІГІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттер мен қызметкерлер арасында салауатты өмір салты құндылықтарын жүйелі түрде насихаттап келеді. Соның жарқын дәлелі – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін спартакиада аясында ұйымдастырылған жүзу жарыстары.

Жарысқа әр командадан екі жүзуші қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Сайыстың әділ өтуін Мәдениет, спорт және АӘД кафедрасының сениор-лекторы Айдын Үскембаев қамтамасыз етті.

Әр қатысушының жүзу сайысы шеберлікті, төзімділікті, ептілікті және жеңіске деген жігерді айқын көрсетті.

– Мен ректорат командасының атынан қатысып отырмын. Мәреге барынша қысқа уақытта жетуді мақсат еттім. Салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған осындай іс-шараларды ұйымдастырып отырған университетке алғысым шексіз, – деп бөлісті спартакиада қатысушысы Айдын Базарқанов.

Командалық есеп қорытындысы бойынша бірінші орынды Педагогика жоғары мектебі иеленді. Екінші орынға Жоғары колледж командасы жайғасса, үшінші орынды IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі еншіледі.

Жеке есепте ерлер арасында Александр Зуев бірінші орынды иеленсе, екінші орын Бекжан Абылқасымовқа, үшінші орын Батырхан Альхановқа бұйырды. Әйелдер арасында Ольга Кувшинникова жеңімпаз атанып, екінші орынды Назира Сағымғалиева, үшінші орынды Татьяна Путинцева иеленді.