6 марта 2025


СТУДЕНТТІК ЖОБАЛАР: «ДЕНСАУЛЫҚ КАПСУЛАСЫ»

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен «Ғылыми Start-up жобалар» байқауында «Прополис сығындысы негізінде ЭКО-өнім «Денсаулық капсуласын» жасау» жобасы екінші орын иеленді. Оның авторы – «Орман ресурстары, аңшылық және ара шаруашылығы» білім беру бағдарламасының төртінші курс студенті Алексей Гладышев. Жеңімпазға 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Жобаның ғылыми жетекшісі – биология кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Светлана Колосова.

Жобаның мақсаты – прополис сығындысы негізінде экологиялық таза өнім әзірлеу, оның құрамында күнделікті қажетті белсенді зат мөлшері болады. Бұл өнім иммунитетті нығайтуға және түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған. Прополис – қабынуға қарсы, бактерицидтік және жараның жазылуын тездететін қасиеттерге ие табиғи зат. Оның басты ерекшелігі – құрамы жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, микроағзалар оған төзімділік қалыптастыра алмайды.

– Жоба биологиялық белсенді қоспа – «Денсаулық капсуласын» шығаруды көздейді. Оның құрамында төрт бірегей ара шаруашылығы өнімі бар, олар кешенді түрде адам ағзасына оң әсер етеді, – дейді Алексей Гладышев.

Тәжірибелік үлгілер аттестатталған және аккредиттелген «Пасека» шаруашылығында әзірленді. Жоба авторының айтуынша, бұл өнімнің әлемде баламасы жоқ.