26 сентября 2025


СУЛТАН ИДРИС БІЛІМ БЕРУ УНИВЕРСИТЕТІМЕН СЕРІКТЕСТІК

23-қыркүйек күні Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы Малайзиядағы Султан Идрис Білім беру университетіне (UPSI) іссапармен барды. Делегация UPSI-дің стратегиялық блогы өкілдерімен кездесті. Олардың қатарында ғылыми зерттеулер және инновациялар жөніндегі проректор профессор Суриани бинти Абу Бакар және стратегиялық департамент директоры, наноколлоидты және интерфейстік химия саласындағы танымал сарапшы профессор Азми Мохамед болды.

Мазмұнды келіссөздер барысында университетіміздің басты ғылыми-білім беру бағыттары таныстырылды: материалтану, қолданбалы физика, түсті металлургия, химия, сондай-ақ ядролық физика мен атом энергетикасы саласында 20 жылдан астам кадр даярлау тәжірибесі бар екендігі атап өтілді. Сонымен бірге білім беру процесіне, ғылыми зерттеулер мен инженерлік дайындыққа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу жұмыстары ерекше көрсетілді.

Кездесу қорытындысында педагогика, физика және ақпараттық технологиялар саласында екі дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу жөнінде келісімге келдік. Бұл бағдарламалар екі университет базасында жүзеге асатын болады. Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамымен алмасу, бірлескен оқу курстары мен әдістемелерді әзірлеу мәселелері талқыланды.

Жеке бағыт ретінде ядролық энергетика тақырыбына ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан университеті «Ядролық физика және атом энергетикасы» бойынша курстарды халықаралық талаптар мен Қазақстанның болашақ технологиялық міндеттеріне сәйкес жаңғыртуда. Университет тек маман даярлап қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін айқындайтын салалар үшін кадрлық әлеует қалыптастырады.

Сонымен қатар сутегі энергетикасы, білім берудегі цифрлық шешімдер және адами капиталды дамыту саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары қарастырылды. Өз кезегінде UPSI халықаралық рейтингінде өз көрсеткіштерін арттыру, білім сапасын басқару, заманауи технологияларды енгізу және тұрақты кампус ортасын дамытудағы жетістіктерімен таныстырды.