4 февраля 2026
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҰРПАҚҚА ҰЛАСҚАН ӨРНЕК: ҚАЗАҚ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕРІ» КӨРМЕСІ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ұрпаққа ұласқан өрнек: қазақ сәндік-қолданбалы өнері» атты көрме ұйымдастырылды.
Көрменің идеясы Құрылтай–2026 аясында көтерілген ұлттық бірегейлікті нығайту, мәдени мұраны сақтау және жаңғырту тақырыптарымен үндеседі. Экспозиция ұлттық мәдениеттің халықтың тарихи жадын және рухани құндылықтарын қалыптастыратын маңызды негіз екенін айқын көрсетті.
Көрмеде Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық музей-қорығының халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылды. Атап айтқанда, күміс зергерлік әшекейлер (сақина, білезік, сырға), киізден жасалған сырғалар, текеметтер, алашалар, кілемдер, тері және былғары бұйымдары (қамшы, белдік), сондай-ақ тоқыма және кесте өнерінің үлгілері – кестеленген орамалдар, жастықтар, көрпелер мен киім әшекейлері қойылды.
Экспозицияны ШҚО сәулет-этнографиялық музей-қорығының халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ғылыми қызметкері Жадыра Рахатова таныстырды. Іс-шара аясында музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлжан Қашаку университет музейіне «Қазақтардың зергерлік бұйымдары» атты альбомды сыйға тартты.
Іс-шара барысында тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Калимолдина Жаннета Амангелдіқызы ұлттық мәдениеттің тарихи жадты, дүниетанымды, өмір салты мен ұлттың өзіндік болмысын қалыптастыратын басты тірек екенін атап өтті. Ол дәстүр мен қолөнердің жастарды тәрбиелеудегі және ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын ерекше атап көрсетті.
Педагог, өлкетанушы және тарихшы Бахытбек Нұғыманов қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктеріне тарихи талдау жасап, олардың символдық және әлеуметтік мәнін ашып көрсетті. Атап айтқанда, ол сәукеленің, ою-өрнектің және кестедегі түстер гаммасының жас отбасының әлеуметтік және материалдық жағдайын айқындайтын көрсеткіш ретіндегі рөліне тоқталды.
Іс-шара модераторы, ШҚУ музейінің жетекшісі Назым Аманжолова көрменің жас ұрпақты шабыттандырып, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырғанын, сондай-ақ Курултай–2026 күн тәртібінде белгіленген ортақ құндылықтар туралы пікір алмасу алаңына айналғанын атап өтті.
Іс-шара соңында Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ардагерлер кеңесінің төрайымы Ануза Жұмықанова «Үкілі камшат» халық әнін орындады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ұлттық мәдени мұраны сақтау және кеңінен насихаттау, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту және студенттердің тұрақты құндылық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осындай мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізу білім, ғылым және мәдениет арасындағы байланысты нығайтып, білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, университеттің өңірдің қоғамдық және мәдени өміріндегі маңызды орталық ретіндегі рөлін айқындайды.









