27 февраля 2026


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНДА ЗООЛОГИЯ ПӘНІНЕН АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Ғылыми-әдістемелік онкүндік аясында IT және жаратылыстану ғылымдарының жоғары мектебінде Биология кафедрасында «Омыртқасыздар зоологиясы» пәні бойынша ашық дәріс ұйымдастырылды.

Кафедраның сениор-лекторы Карменова Бағдат Қазретқызы 6В01512 – «Биология-жаратылыстану» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Жалпақ құрттар типі – Plathelminthes» тақырыбында дәріс өткізді. Дәріс терең ғылыми мазмұнымен, логикалық құрылымымен және жоғары әдістемелік деңгейімен ерекшеленді.

Сабақ барысында жалпақ құрттардың морфофизиологиялық ерекшеліктері мен эволюциялық сипаттамалары жүйелі түрде қарастырылып, Turbellaria, Trematoda және Cestoda кластарына салыстырмалы талдау жасалды. Паразиттік формалардың тіршілік циклдеріне және олардың иесі организміне тигізетін патогендік әсеріне ерекше назар аударылды. Материал құрылымдық-логикалық модельдеу әдісі арқылы түсіндіріліп, теориялық қағидалар нақты биологиялық үдерістермен байланыстырылды.

Дәрістің маңызды ерекшеліктерінің бірі – визуализация технологиясының тиімді қолданылуы болды. Күрделі анатомиялық құрылымдар мен паразиттердің даму кезеңдері интерактивті 3D модельдер арқылы көрсетіліп, зерттелетін нысандарға терең талдау жасауға мүмкіндік берді. Бұл формат студенттердің кеңістіктік ойлау қабілетін дамытып, биологиялық жүйелердің құрылысы мен қызметі туралы ғылыми тұрғыдан негізделген түсінік қалыптастыруға ықпал етті.

Сонымен қатар, студенттердің танымдық белсенділігін арттыру мақсатында Wordwall цифрлық білім беру платформасы қолданылды. Платформа арқылы интерактивті сауалнама мен бекіту тапсырмалары ұйымдастырылып, тақырыптың меңгерілу деңгейі жедел бағаланды.

Бағдат Қазретқызының заманауи білім беру технологияларын кәсіби меңгеруі мен пәнді терең білуі ашық дәрістің жоғары академиялық деңгейде өтуіне негіз болды. Сабақ студенттер тарапынан жоғары бағаланып, болашақ биология мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға маңызды үлес қосты.