17 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ» КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған Digital Nauryz 2026 онкүндігі аясында «Ардагерлерді ардақтайық» атты тағылымы мол кездесу өтті. Биылғы Наурыз мейрамының жаңа форматы бойынша 17 наурыз — «Шаңырақ күні» деп жарияланған. Бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесі мен шаңырақ бүтіндігіне арналады.   Мерекелік іс-шараның ажарын ашқан ерекше бөлім — университет ардагерлеріне арналған арнайы фото-көрме болды. Көрмеге қойылған сирек суреттер арқылы жиналған қауым білім ордасының қалыптасу тарихына саяхат жасап, ардақты ұстаздардың жастық шағы мен еңбек жолдарынан сыр шертетін сәттерді тамашалады. Бұл экспозиция — өткен күннің белгісі ғана емес, бүгінгі буын үшін үлкен ғибрат мектебіне айналды.

Жиынды Басқарма мүшесі – тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина алғы сөзбен ашты:

«Шаңырақ күні — бұл тек отбасы мерекесі емес, бұл біздің университетіміз атты үлкен қара шаңырақтың алтын діңгегі болып табылатын аға буынды қадірлеу күні. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен фото-көрмедегі әрбір сәт — біз үшін сарқылмас қазына», — деп атап өтті проректор.

Кездесуге университетіміздің  ардагер ұстаздары қатысты  :

  1. Аубакирова Ленста Рахымжановна — Ардагер, ағарту ісінің үздігі, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, ШҚО-ның құрметті азаматы.
  2. Ахметжанова Фарзана Рафиковна — филология ғылымдарының докторы, С. Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры.
  3. Ахметжанова Күлзипаш Бекпауовна — филология ғылымдарының докторы, профессор.
  4. Зәйнелова Гүлмира Зәйнеловна — АӘД және Тіршілік қауіпсіздігі кафедрасының профессоры.
  5. Бектасова Гүлсім Сафуановна — Физика және технологиялар кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты.
  6. Бейсембаева Сара Қабдырахмановна — Экология кафедрасының қауымдастырылғын профессоры.

Қазақ халқы үшін «шаңырақ» ұғымы әулеттің тұтастығы мен ұрпақ сабақтастығының нышаны. Кездесу барысында ардагерлер фотосуреттердегі естеліктерді жаңғыртып, жас мамандар мен студенттерге ақ баталарын берді. «Ардагерлерді ардақтайық» шарасы ұлттық мерекенің мәнін ашып, қара шаңырақ Amanzholov University ұжымының бірлігін бекемдей түсті.