29 октября 2025


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен КСРО халық мұғалімі, ұлағатты ұстаз, көрнекті ағартушы Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық форум өтті.

Форумға Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері, ғылым және білім беру ұйымдарының өкілдері, еңбек ардагерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен 500-ден астам педагог қатысты.

Университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген форум қатысушыларын құттықтап, Құмаш Нұрғалиевтің қазақ педагогикасына қосқан зор үлесін атап өтті. Сонымен қатар ректор ұлт ағартушыларының мұрасын жаңғырта отырып, заманауи білім беру технологияларын дамытуға университеттің ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.

Форум аясында «КСРО-ның Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің жаңашыл идеяларының дамуы» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрмеде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың жасанды интеллект және цифрландыру бағыттары бойынша даму нәтижелері мен білім беру инновациялары ұсынылды; «Аңыз Адам» деректі фильмі көрсетілді; «Құмаш Нұрғалиев атындағы жоғары колледжде» ұлағатты ұстаздың өмірі мен еңбегіне арналған арнайы мұражай ашылды.

Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Светлана Ферхо, сондай-ақ онлайн форматта ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, мерейтой қарсаңында, 28-қазан күні, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-де «Құмаш Нұрғалиев атындағы жасанды интеллект және цифрлық педагогика зертханасы» салтанатты түрде ашылды.

Осы зертхана — университеттің білім беру үдерісін жасанды интеллект технологияларымен интеграциялау бағытындағы стратегиялық қадамы және өңір үшін маңызды ғылыми-практикалық орталық болып табылады.