22 декабря 2025


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАЗАСЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН ҚОРЫТЫНДЫ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың Өскемен қаласының тұрғындарымен 2025 жылғы қорытынды есептік кездесуі өтті.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындыларына тоқталып, жыл бойы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған басым бағыттарды жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер аясында облыста жүзеге асырылған нақты шаралар мен жобалар туралы кеңінен айтылды.

Есептік кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өнеркәсіп саласын жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, туризмді дамыту, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, су құбыры және жылумен қамту жүйелерін жаңарту, тұрғын үй құрылысы, интернет желісінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелері қамтылды. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет, экология салаларында атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытқа белгіленген жоспарлар таныстырылды.

Кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар көкейдегі сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды. Облыс әкімі азаматтардың ұсыныс-пікірлеріне ерекше назар аударып, бірқатар мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Бұл маңызды жиынның Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтуі кездейсоқ емес. Университет өңірдегі білім беру саласының көшбасшысы, ғылыми-инновациялық бастамалардың тірегі әрі қоғамдық маңызы бар диалог алаңы ретінде қалыптасқан. Бүгінде Аманжолов университеті өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, заманауи кадрлар даярлауға және мемлекеттік бастамаларды қолдауға белсенді үлес қосып келеді.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі өңір тұрғындарының белсенділігіне назар аударып, мұндай ашық форматтағы диалогтың қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар бірлескен әрі жүйелі жұмыстың өңірдің тұрақты дамуына және алға қойылған міндеттердің тиімді жүзеге асуына берік негіз болатынын жеткізді.