25 сентября 2025


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА ДРОППЕРЛІККЕ ҚАРСЫ ДӘРІС ӨТКІЗІЛДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Студенттер үйінде ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары студент жастарға арнап дәріс өткізді. Кездесу барысында 1 және 2-курс студенттеріне қаржылық алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – дропперлікке қарсы іс-қимыл жолдары мен оны дер кезінде анықтаудың маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Дәріс барысында мамандар дропперліктің жастар арасында кездесу себептеріне тоқталып, мұндай құқық бұзушылықтың заңдық салдары туралы нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ, студенттерге қаржылық сауаттылықты арттырудың, интернеттегі күдікті ұсыныстарға алданып қалмаудың және өз құқықтарын білудің қажеттілігі ерекше атап өтілді.

Іс-шара «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» нарративін ілгерілету аясында ұйымдастырылды. Оған 50-ден астам студент қатысты. Лекция барысында жастар белсенділік танытып, мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Бұл кездесудің форматы студенттер үшін қызықты әрі пайдалы болып, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етті.

Жиын соңында лекторлар мен студенттер өзара пікір алмасып, қаржылық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Қатысушылар осындай шараларды тұрақты түрде өткізіп тұрудың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесулерді жалғастыруға ниет білдірді.