6 января 2026


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ ӨКІЛДЕРІ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ОБЛЫСТЫҚ КОУЧИНГКЕ ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері «Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕББҚ) білім алушыларда әмбебап оқу әрекеттері мен soft skills(әлеуметтік және психологиялық дағдылар) дағдыларын қалыптастыру» тақырыбындағы коучингке қатысты.

Іс-шара Шығыс Қазақстан облысының педагогтеріне арналған облыстық қысқы мектеп аясында Өскемен қаласы білім бөлімінің «М. Шаяхметов атындағы №23 орта мектебі» КММ базасында өтті. Коучингке инклюзивті білім беру ортасын дамытуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу бойынша кәсіби құзыреттерін арттыруға мүдделі мұғалімдер, әдіскерлер мен мамандар қатысты.

Коучингтің теориялық бөлімінде Amanzholov University жанындағы «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова баяндама жасады. Баяндаманың тақырыбы: «Инклюзивті білім беру іс жүзінде: “Dana bala” үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық және әдістемелік-технологиялық қолдау бойынша құзыреттер орталығы жобасын іске асыру».

Баяндама барысында орталық қызметінің негізгі бағыттары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды сүйемелдеудің практикалық тәжірибесі, сондай-ақ инклюзивті білім беру жағдайында әмбебап оқу әрекеттерін қалыптастыру мен soft skills дағдыларын дамытуға арналған заманауи тәсілдер таныстырылды. Сонымен қатар мамандардың пәнаралық өзара іс-қимылы, инновациялық әдістемелерді енгізу және әрбір бала үшін қолайлы білім беру ортасын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Осындай іс-шаралардың өткізілуі кәсіби тәжірибе алмасуға, инклюзивті білім беру сапасын арттыруға және өңірдегі білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.