С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «4 жұлдыз» сапа белгісіне ие болды. Қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында мұндай жоғары бағаға бар болғаны 17 университет ғана қол жеткізген.
Жаңа рейтинг аясында ШҚУ «Оқыту» және «Түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігі» бағыттары бойынша ең жоғарғы — 5 жұлдыз бағасын алды. Сонымен қатар мынадай көрсеткіштер жарияланды: студенттердің оқу процесіне қанағаттануы — 88%, түлектердің оқуын аяқтауы — 89,8%, студенттер контингентін сақтау — 93%. Ал «Қызметтер», «Заманауи тілдер» және «Тиімді басқару» бағыттары бойынша университетке 4 жұлдыз берілді.
Сонымен қатар атап өтілген көрсеткіштер:
Жақсы инфрақұрылым: спорт нысандарының, жатақханалардың, медициналық пункттің, компьютерлік сыныптар мен зертханалардың болуы.
Жұмысқа орналасу: QS жаһандық жұмыс берушілер сауалнамасындағы 116 номинация, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі — 96,7%.
Тиімді басқару: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың болуы, инклюзия, қызметкерлердің қанағаттану деңгейі — 54%.
Әлеуметтік әсер: өңірдің дамуына қосқан үлес (түлектердің 58,2%-ы өңірде жұмыс істейді), аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттердің үлесі — 13,53%.
Инновациялар: оннан астам өндірістік ғылыми-зерттеу коллаборациялары.
Ғаламдық ынтымақтастық: шетелдік студенттердің үлесі — 1,82%, шетелдік оқытушылардың үлесі — 6,73%.
«Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы университеттің ең мықты білім беру бағыттарының бірі ретінде танылды.
Бұл көрсеткіштер университеттің түрлі салаларда қарқынды дамып жатқанын, білім беру саласындағы серіктестер мен халықаралық сарапшылар үшін бағдар бола алатынын, сондай-ақ талапкерлер үшін жоғары оқу орнын таңдаудағы тартымды критерий екенін көрсетеді.
QS Stars рейтингтік жүйесі университеттерді оқыту сапасы, инфрақұрылым, тұрақты даму, ғылыми зерттеулер және түлектерді жұмысқа орналастыру критерийлері бойынша мұқият бағалайды.