17 сентября 2025


ТҮРКИЯ ПРОФЕССОРЫНЫҢ ВИЗИТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Орхун» бағдарламасы аясында Түркиядағы Ибн Халдун университетінің профессоры Тхсин Назир ресми сапармен келді. Осыған орай университетте бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында «Қазақстан мен Түркияда дуалды оқытуды енгізу тәжірибесі» тақырыбында дөңгелек үстел, фаббинг феномені, білім мен психологиядағы жасанды интеллекттің рөлі бойынша дәрістер мен семинарлар, магистранттарға арналған панельдік пікірталастар мен ғылыми кездесулер, Workshop және Research Clinic форматындағы практикалық сабақтар, сондай-ақ Өскемен қаласы мен оның маңына мәдени-танымдық экскурсиялар өткізілуде.

Профессордың бұл сапары университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, білім беру тәжірибесін байытуға және академиялық ұтқырлықты кеңейтуге ықпал етеді.

Бүгін профессор «Фаббинг: адамдарды елемеу феномені» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Дәріс заманауи қоғамда жиі кездесетін маңызды әлеуметтік-психологиялық құбылыс – фаббингке арналды. Ол интерактивті форматта өтіп, қатысушылар профессорға сұрақтар қойып, нақты мысалдар арқылы пікір алмасты. Бұл шара студенттер мен оқытушыларға қазіргі заманның өзекті психологиялық мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.