10 июля 2025


УНИВЕРСИТЕТТЕ «СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жыл сайын «Серпін» жобасы аясында университеттің көптеген мамандықтарына 350-ден астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысушы студенттер үшін университетте 30-дан астам жастар клубы мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қабанбай батыр атындағы Әскери кафедрада болашақ офицерлерді дайындауға арналған екі жылдық курс жүргізіледі.

«Серпін» жобасына Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының жастары қатыса алады.

Бағдарлама шеңберінде келесі санаттағы талапкерлерге жеңілдіктер қарастырылған: көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан талапкерлер, бала кезінен мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар және бала кезінен мүгедектігі бар талапкерлер.

Бағдарлама жүзеге асырылған 11 жыл ішінде ШҚУ-да 1000-нан астам студент білім алды. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған ШҚУ түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 97 пайызды құрайды. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Айта кету керек, «Серпін» жобасы еңбек нарығындағы өңірлік теңгерімсіздікті жоюға бағытталған маңызды құрал болып қала береді.