27 февраля 2026


УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ҰЖЫМЫНА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ӨТТІ

Бүгін «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» Жоғары колледжінің ұжымына Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Түсіндіру жұмыстары барысында Конституция жобасының негізгі бағыттары, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың қоғам өміріне ықпалы кеңінен талқыланды.

Атап өтілгендей, Қазақстанның жаңа Конституция жобасы ел тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, заманауи үрдістерді тоғыстырып, бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап беретін маңызды құжатқа айналды. Жоба ең алдымен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, әділетті қоғам құруға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Кездесу барысында Төлеген Мұхтар Әділбекұлы – басқарма төрағасы, ректор, профессор, Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты – Конституцияның басты мақсаты мемлекеттің қызметін адам мүддесіне бағыттау екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өзгерістер заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Сондай-ақ, Қазақстан-Американдық еркін университеті Жоғары колледжінің директоры Кикина Марина Ивановна Конституция жобасы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, білім беру мен жастар саясатын дамытуға жаңа серпін беретінін жеткізді.

Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Садвакасова Жанар Амангалиевна өз сөзінде Конституция – ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжат екенін айтып, әрбір азаматтың белсенді азаматтық ұстанымы маңызды екенін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Түсіндіру жұмыстары ұжым мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді