13 августа 2025


УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛІ «БОЛАШАҚ» СТИПЕНДИЯСЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімі бойынша стратегия, халықаралық ынтымақтастық және аккредитация бөлімінің уақытша басшысы Дана Ниғманова ғылыми тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.

Дана Ниғманова Ұлыбританиядағы Лидс университетінде 10 айлық ғылыми тағылымдамадан өтуге аттанады. Бұл оқу орны әлемнің ең үздік 100 университетінің қатарына кіреді және QS WUR 2026 деректері бойынша 86-орында тұр.

Тағылымдама 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 10 шілдесіне дейін әлеуметтік-гуманитарлық саладағы ақпараттық және цифрлық технологиялар бағыты бойынша өтеді. Зерттеудің негізгі тақырыбы: «Адамға бағытталған цифрлық трансформация».

Тағылымдаманың мақсаты – этикалық қағидаттарды техникалық жетістіктермен интеграциялау. Лидс университетінің түрлі мектептері мен институттарымен бірлесіп, цифрлық трансформация және оған адами факторды енгізу мәселесі талданады.

Ғылыми тағылымдама маманға халықаралық озық тәжірибені зерттеуге, кәсіби құзыреттерін кеңейтуге және шетелдік білім беру мен ғылыми ұйымдармен академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

«Болашақ» бағдарламасы дәстүрлі түрде ғылым, білім және Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген талантты мамандарды қолдайды. Әлемнің жетекші университеттерінің бірінде тағылымдамадан өту – Дана Құмарқызының кәсіби және ғылыми қызметіндегі маңызды кезең болмақ.