16 марта 2026


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЮДЕ

2025 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту аясында бірқатар жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен жаңа келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер білім беру, ғылыми зерттеулер және академиялық ұтқырлық салаларындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі серіктестік желісін кеңейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, университет Түркия Республикасындағы Эскишехир техникалық университетімен және Памуккале университетімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Аталған серіктестіктер аясында Erasmus+ халықаралық бағдарламасы бойынша академиялық алмасуларды жүзеге асыру, сондай-ақ бірлескен білім беру жобалары мен ғылыми бастамаларды іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар университет Анкара Хаджи Байрам Вели университетімен, Хаджеттепе университетімен, Моңғолияның Қаржы және экономика университетімен, Бурса Улудаг университетімен, Моңғол білім университетімен, Нижегород мемлекеттік лингвистикалық университетімен, Томск мемлекеттік политехникалық университетімен, Ұлттық зерттеу Томск мемлекеттік университетімен, Уфа ғылым және технологиялар университетімен (Ресей Федерациясы), Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетімен және Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетімен (Өзбекстан Республикасы) ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Сондай-ақ Польша Республикасының Кельце қаласындағы Иоанн Павел II атындағы университетпен Erasmus+ халықаралық бағдарламасы аясында академиялық ынтымақтастықты дамыту туралы келісім жасалды.

Бұдан бөлек, Түркия Республикасындағы Кыркларели университетімен Orhun академиялық алмасу бағдарламасы аясында келісімшарт жасалып, түркі елдері университеттері арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын дамытуға жаңа серпін берілді. Осы ынтымақтастық аясында қазіргі уақытта Фырат университетінің (Түркия Республикасы) «Журналистика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Элиф Нур Orhun академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім алуда.

Сонымен қатар Сотим Улукзода атындағы Тәжік халықаралық шетел тілдері университетінің студенттері де академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетімізде білім алуда.

Жаңа келісімдер аясында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, халықаралық конференциялар мен ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бастамалар университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтып, студенттер мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.