5 августа 2025


ЦИФРЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТЕР: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған AI-SANA жобасын іске қосу процесіне қатысуда. Жоба аясында университеттің барлық контингенті – студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар толық жасанды интеллект бойынша оқудан өтеді.

Университет порталында жыл соңына дейін 5 жасанды интеллект агентерін іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, AU Kómekshi, AU Sarapshy, AU Ústaz, AU Dáris, AU Talapker. Қазіргі таңда бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, оқу орын негізінде Жасанды интеллект орталығын ашу жоспары бар. Пилоттық жобалар аясында тегін шағын курстар ашылып, жергілікті бизнеске жасанды интеллект енгізуге де қолдау көрсетілмек.

Сондай-ақ, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Бүгінде бакалавриат, магистратура және докторантураның 64 білім беру бағдарламасына жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған жаңа пәндер қосылды.

Жаңа пәндер ауқымы кең – цифрлық білім беру технологиялары мен интеллектуалдық ақпараттық жүйелерден бастап, ЖИ-ді ғылыми зерттеулерде, экономикада, мемлекеттік басқаруда, физикада және туризмде қолдануға дейін қамтиды. Әсіресе «Жасанды интеллект және цифрлық білім беру технологиялары», «Білім беру мен ғылыми зерттеулердегі жасанды интеллект», «Қоршаған ортаны модельдеудегі ЖИ», «Экономика мен басқарудағы ЖИ» сияқты өзекті курстарға ерекше мән берілген.

Аталған бастама университеттің білім беруді цифрландыру және жаңа буын мамандарын даярлау жөніндегі стратегиялық бағыты аясында жүзеге асырылуда. Мақсат – цифрлық дәуір талаптарына бейімделе алатын бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау.

Айта кету керек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің AI-SANА инновациялық жобасының нәтижесінде студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект дағдылары артып, нақты жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырады.
AI-SANA – әрбір студентке арналған мүмкіндік!