31 марта 2026


ЧЕМПИОНДАР УНИВЕРСИТЕТІ: ЖЕҢІСТЕРМЕН ДӘЛЕЛДЕНГЕН МАҚТАНЫШ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті дене шынықтыру және спорт факультетінің студенттерімен орынды мақтанады. Олар тек оқу аудиторияларында ғана емес, сонымен қатар ірі спорт ареналарында да жоғары нәтижелер көрсетіп, университеттің абыройын асқақтатып келеді. Солардың қатарында республикалық және халықаралық деңгейде жетістіктерімен танылып жүрген Еламан Базылбекұлы мен Жалғас Төреханов бар.

Еламан Базылбекұлы — «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенті. Ол армрестлинг спортымен төрт жылдан бері айналысып келеді. Қысқа уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген Еламан бірнеше мәрте облыс чемпионы атанып, Қазақстан чемпионы және республикалық жарыстардың жүлдегері болды.

Оның жетістіктері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Еламан беделді «Сибирский медведь» халықаралық турнирінің чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, сондай-ақ Әлем кубогының екі дүркін чемпионы атанды. Оның спорттағы жолы табандылық пен жүйелі еңбектің үлкен жетістікке жеткізетінінің жарқын дәлелі.

Жалғас Төрехановтың да спорттағы жолы ерекше. Дене шынықтыру және спорт факультетінің үшінші курс студенті спортқа 2022 жылы досының шақыруымен келген. Соған қарамастан, аз уақыт ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Спорттағы алғашқы қадамдарының өзінде-ақ Тараз қаласында өткен жарыста жастар арасында Қазақстан чемпионы атанып, өзінің үлкен әлеуетін көрсетті.

Бүгінде Жалғас — ерлер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, әлем біріншіліктерінің жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі спорт шебері атағының иегері. Оның ең маңызды жетістіктерінің бірі — Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуі. Сонымен қатар ол Алматы қаласында өткен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында да жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Екі спортшы да университетіміздің абыройын халықаралық спорт аренасында лайықты қорғап, оның беделін арттыруға үлес қосып келеді. Олардың жетістіктері — тек жеке жеңіс қана емес, сонымен қатар университет мәртебесінің артуына қосылған маңызды үлес, студенттерге шабыт сыйлайтын үлгі.

Біздің университет — чемпиондар тәрбиеленетін орта. Ал Еламан Базылбекұлы мен Жалғас Төреханов — соның жарқын дәлелі.