Академиялық ұтқырлық







Университеттің халықаралық қызметі студенттердің оқу тәжірибесін байытуда және ғылыми әрі мәдени алмасуларды дамытуда маңызды рөл атқарады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті шетелдік университеттермен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатып, серіктестік географиясын және студенттер үшін білім беру мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтуде. Университет академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламаларын, бірлескен ғылыми жобаларды және халықаралық білім беру бастамаларын жүзеге асырады. Бұл бастамалар мамандар даярлау сапасын арттыруға және университеттің әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануына бағытталған.
Erasmus+, Orhun бағдарламалары және басқа да халықаралық жобалар аясындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл бағдарламалар тәжірибе алмасуға, заманауи білім беру технологияларын енгізуге және университеттің халықаралық академиялық беделін нығайтуға ықпал етеді.
Белсенді халықаралық қызметтің арқасында университеттің студенттері мен оқытушылары жетекші шетелдік университеттерде білім алуға, тағылымдамадан өтуге және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл олардың кәсіби құзыреттерін кеңейтіп, мәдениетаралық тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.
Академиялық ұтқырлық
Академиялық ұтқырлық – бұл белгілі бір академиялық кезең ішінде (семестр немесе оқу жылы) басқа жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында білім алуды немесе ғылыми зерттеулер жүргізуді қарастыратын оқу және ғылыми қызметті ұйымдастыру нысаны.
Академиялық ұтқырлық аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің білім алушылары мен профессор-оқытушылар құрамы шетелдік немесе отандық серіктес университеттерде білім алып, тағылымдамадан өтіп немесе ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыра алады. Бұл ретте игерілген пәндер өз университетінде академиялық кредиттер ретінде қайта есептеледі немесе қабылдаушы білім беру ұйымында оқуын жалғастыру мүмкіндігі беріледі.
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары академиялық және кәсіби құзыреттерді кеңейтуге, мәдениетаралық коммуникацияны дамытуға, тілдік дайындықты жетілдіруге және университеттің халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына бағытталған. Профессор-оқытушылар құрамының ұтқырлық бағдарламаларына қатысуы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, озық білім беру технологияларымен алмасуға және білім беру үдерісінің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Академиялық ұтқырлық екіжақты келісімдер, халықаралық бағдарламалар (Erasmus+, Orhun және т.б.), сондай-ақ ұлттық және халықаралық гранттық жобалар негізінде жүзеге асырылады. Университет белгіленген тәртіпке сәйкес қатысушыларды конкурстық іріктеуді, академиялық сүйемелдеуді және оқу нәтижелерін тануды қамтамасыз етеді.
Студенттердің академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу тәртібі
Академиялық ұтқырлық бағдарламаларына студенттердің қатысу тәртібі (республикалық бюджет қаражаты есебінен)
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Конкурстық іріктеу қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес үш кезеңде жүргізіледі.
I кезең – Тілдік құзыреттілік
Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінде білім алушылардың шет тілін меңгеру деңгейі анықталады.
Қатысуға келесі талаптарға сәйкес келетін студенттер жіберіледі:
- шет тілін меңгеру деңгейі — кемінде B2;
ең төменгі көрсеткіштер:
- IELTS — кемінде 5.5;
- TOEFL IBT — кемінде 46;
халықаралық сертификат болмаған жағдайда, халықаралық сертификатқа теңестірілетін «Тіл әлемі» көптілді білім беру орталығы берген сертификат қабылданады.
Осы кезеңнің нәтижелері конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне жіберуге негіз болып табылады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 03.03.2026 – 15.04.2026.
II кезең – Құжаттарды рәсімдеу және академиялық ұтқырлық бойынша конкурстық әңгімелесу
Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінен сәтті өткен кандидаттар белгіленген мерзімде толық құжаттар пакетін тапсырады және міндетті конкурстық әңгімелесуден өтеді.
Әңгімелесу барысында келесі көрсеткіштер бағаланады:
- кандидаттың академиялық үлгерімі;
- академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуға деген мотивация деңгейі;
- таңдалған оқу бағытының білім беру бағдарламасына сәйкестігі;
- коммуникативтік және академиялық құзыреттері.
Екінші кезеңнің нәтижелері рейтингілік тізімді қалыптастыруға және конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне өтуге негіз болып табылады.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Қатысуға арналған өтініш және сауалнама (қолмен, жазбаша түрде толтырылады);
- Шетелдік паспорттың көшірмесі (түсті);
- GPA орташа үлгерім балы 3.5-тен төмен емес екенін растайтын транскрипт (ЦОС «PARASAT» қажетті қолтаңбалары мен мөрлерімен);
- Жалпы орта білім туралы аттестаттың көшірмесі және оған қосымша (бағаларымен);
- Шет тілін меңгеру деңгейін растайтын құжат (төмендегі құжаттардың бірі ұсынылады):
- халықаралық үлгідегі сертификат: IELTS — кемінде 5.5 / TOEFL iBT — кемінде 46;
- немесе «Тіл әлемі» көптілді білім беру орталығы берген сертификат;
- Жоғары мектеп деканынан және кафедра меңгерушісінен екі ұсыныс хат;
- Шетелге шығуға ата-анасының (заңды өкілдерінің) жазбаша келісімі;
- kz порталы арқылы алынған психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтамалар;
- Отбасы құрамы туралы құжат (бар болған жағдайда), жеңілдікті мәртебесін растайтын;
- Жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болған жағдайда).
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 20.03.2026 – 15.04.2026 жж.
III кезең – Шетелге шығу үшін құжаттарды рәсімдеу
Конкурстық іріктеудің екінші кезеңінен сәтті өткеннен кейін және шетелде оқуға ұсыныс алған жағдайда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 19 қарашадағы №613 бұйрығымен бекітілген, оның ішінде академиялық ұтқырлық аясында шетелде оқуға жіберу қағидаларына сәйкес, білім алушылар шетелге шығуды рәсімдеу үшін белгіленген құжаттар пакетін ұсынуға міндетті.
Құжаттардың толық пакетін ұсыну білім алушыны қабылдаушы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына оқуға жіберудің міндетті шарты болып табылады.
- Білім алушының өтініші;
- Жеке оқу жоспары (ЦОС «PARASAT»-тан алу);
- Транскрипттің көшірмесі (орыс тілінде, мөрлерімен; ЦОС «PARASAT»-та рәсімделеді);
- №072-у нысанындағы медициналық анықтама;
- Студенттің қолхаты;
- Университеттер арасындағы хаттама (келісімшарт);
- Шетелге шығушының сауалнамасы;
- Паспорт пен жеке куәліктің көшірмесі;
- Қабылдаушы университеттен шақыру (түпнұсқа және аудармашының қолы қойылған аудармасы);
- Ата-анасының (заңды өкілдерінің) қолхаты.
Құжаттар белгіленген мерзімде университеттің тиісті құрылымдық бөлімшесіне ұсынылады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 28.03.2026 – 15.05.2026 жж.
- Университеттің қолдауымен оқу
Университет қаражаты есебінен өткізілетін конкурстық іріктеуге мемлекеттік қаржыландыру алуға арналған іріктеу қорытындысы бойынша резервке енгізілген және белгіленген талаптарға сәйкес келетін студенттер қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар
Конкурсқа қатысу үшін:
- ағылшын тілін кемінде B2 деңгейінде меңгеру
(IELTS — кемінде 5.5, TOEFL iBT — кемінде 46); - орташа үлгерім балы (GPA) — кемінде 3.5 болуы қажет.
Конкурстық іріктеу кезінде «Тіл әлемі» көптілді білім беру орталығы берген сертификатқа басымдық беріледі.
- Білім алушының жеке қаражаты есебінен оқу
Бұл формат білім алушыларға қабылдаушы тараптың келісімі болған жағдайда және «Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ» КЕ АҚ академиялық талаптарын сақтай отырып, шетелдік серіктес университетте білім алуға мүмкіндік береді.
Қатысудың міндетті шарты — қабылдаушы университеттің талаптарына сәйкес келетін шет тілін меңгеру деңгейін растау.
Білім алушы оқу, тұру, әуе билеті, виза рәсімдеу және медициналық сақтандырумен байланысты шығындарды өз бетінше өтейді.