20 августа 2025


ШҚУ ПРОФЕССОРЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘДЕБИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ҚОЛҒА АЛМАҚ

Шығыс Қазақстан – еліміздің ең әсем әрі тарихи бай аймақтарының бірі. Бұл өңір тек табиғатымен ғана емес, сонымен қатар оның терең тарихы мен аңыздары арқылы да ерекшеленеді. Енді, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры аймақтың бай мұрасын цифрлы форматта қолжетімді етуді қолға алмақ. Ғалымның жобасы ғылыми гранттар конкурсында жеңіске жетіп, қаржыландыруға ие болды.

Өңірдің әдеби мұрасын цифрландыру Шығыс Қазақстанды әлемге танытудың жаңа жолын ашады. Мұндағы топонимдер мен аңыздар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) цифрланған материалдар ретінде туристерге ұсынылады. Ғылыми жоба аясында әзірленген жолсілтемелер мен сөздіктер өңірдің мәдени байлығын кеңінен танытуға және жергілікті туризмді дамытуға үлкен серпіліс беретіні анық.

— Жоба аясында Шығыс Қазақстанның тарихи және табиғи нысандарының мәліметтері цифрландырылып, туристік бағыттар картасы мен аңыздар хрестоматиясы құрастырылады. Әрбір топоним мен тарихи орынға қатысты терең зерттеулер жасалып, оларды жеңіл әрі қызықты форматта ұсыну көзделген. Туристер енді аңыздар мен топонимдер туралы ақпаратты тек оқып қана қоймай, фотоиллюстрациялар мен цифрлы форматта сезініп, көре алады, — деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры Айжан Картаева.

Бұл жоба тек Шығыс Қазақстан үшін ғана емес, жалпы еліміздің туризм саласына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар, аймақтың танымалдылығын арттыру арқылы өңірге келетін туристер саны да едәуір өседі. Бұл жергілікті кәсіпкерлер мен гидтер үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Профессор Айжан Маратбекқызы Шығыс Қазақстанның табиғаты мен мәдениеті туралы ақпараттардың цифрлануы бұл өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, оны халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Жоба нәтижесінде дайындалған материалдар мен ресурстар еліміздегі басқа аймақтарға да үлгі болады деп атап өтті.