8 августа 2025


ШҚУ РЕКТОРЫНЫҢ ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ ҮНДЕУІ

Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шықты. Біздің AMANZHOLOV UNIVERSITY таңдаған 700 астам студентке алғыс білдіре отырып, баршаңызды құшақ жая қарсы алатынымызды айтқым келеді.

Тамыз айының 10-ына дейін ШҚО әкімдігі тарапынан бөлінетін гранттарға қабылдау жүреді. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар!

Егер грантқа оқуға түсе алмасаңыздар, қапы қалмаңыздар! Біздің университет ақылы бөлімге оқуға түскен, оқуда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді, ғылыммен айналысып, өзін жан-жақты көрсете білген жастарды барынша қолдайды. Оқу жылы барысында арнайы гранттар бөледі, стипендиялар тағайындап, жеңілдіктер жасайды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – академиялық дәстүрі берік, заманауи инфрақұрылымы дамыған, ел мүддесіне еңбек ететін білікті мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Біз жаңа оқу жылына тың серпінмен, жан-жақты дайындықпен келеміз.

Университеттің қабылдау комиссиясы күнделікті режимде жұмыс істеп, талапкерлерге барлық бағыттар бойынша кеңес беріп, құжат қабылдау процесін жүйелі ұйымдастырып отыр.

Академиялық бағдарламаларымыз сұранысқа ие, заман талабына сай бейімделген. Оқу процесіне жаңа цифрлық құралдар енгізілуде. Жаңа білім бағдарламалары іске қосылып, оқу ғимараттарын жөндеу, жаңарту жұмыстары жүзеге асуда. Биыл 70 млн теңгеге жуық қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық базалар жаңартылды.

Университет базасында білім алушылар үшін тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейіп келеді.

Біз әрбір үміткердің дұрыс таңдау жасап, өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауға мүдделіміз.

Университетке қабылдану – бұл тек білім алу ғана емес, өзіңді табу, қалыптасу, биікке ұмтылу жолы.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті үлкен, тату отбасы әрқайсыңызды асыға күтеді.