3 сентября 2025


ШҚУ РЕКТОРЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУШЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2025–2026 оқу жылына арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша іріктеуден өткен 29 студент шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарлама Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты, университеттің ішкі қолдау гранты және «Орхун» алмасу бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

ШҚУ ректоры шетелге оқуға аттанғалы отырған студенттермен арнайы кездесу өткізіп, оларға сәттілік тілеп, шетелде оқу кезеңіндегі барлық ұйымдастырушылық мәселелердің – тұратын орны, орналасуы, бару-келу жолдары – толық пысықталып, бақылауға алынғанын атап өтті.

— Сіздер Қазақстанның атынан шетелге барып отырсыздар. Сондықтан әрдайым өз мәдениетімізді, білімімізді, тәрбиемізді лайықты түрде көрсете білу маңызды. Шетелдік жоғары оқу орындарынан алған жақсы тәжірибені елге оралып, қоғам игілігіне жарату – әр студенттің азаматтық борышы, – деді университет ректоры.

Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Ирина Владимировна да студенттермен ашық сұхбат жүргізіп, шетелдегі өмір салтына бейімделу, академиялық ортаға сәтті кірігу, серіктес университеттермен өзара байланыс орнату, визалық және көші-қон талаптарын сақтау, сондай-ақ халықаралық студентке қойылатын этикалық және мәдени нормалар туралы кең көлемде ақпарат берді.

Іріктелген студенттер келесі жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алады:

Витаутас Магнус университеті (Литва)

Адам Мицкевич университеті (Польша)

Сегед университеті (Венгрия)

Генуя университеті (Италия)

Шандунь сыртқы сауда колледжі (Қытай)

Бакин Славян университеті (Әзірбайжан) — «Орхун» бағдарламасы аясында

Эгей университеті (Түркия) — «Орхун» бағдарламасы аясында

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушылар – шет тілін еркін меңгерген, білімге ынталы, белсенді әрі мақсатшыл жастар. Олардың шетелдік білім беру жүйесімен танысып, кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашатын мүмкіндіктер жылдан-жылға кеңейіп келеді.