15 октября 2025


ШҚУ СТУДЕНТІ ЕРНҰР ҚАЙЫРБЕКОВ — КИКБОКСИНГТЕН ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өз чемпионын — кикбоксингтен Әлем кубогының жеңімпазы, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернұр Қайырбековті зор мақтанышпен қарсы алды.

Университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қауымы жеңімпазды жылы ықыласпен қарсы алып, оның халықаралық деңгейдегі жетістігіне ризашылықтарын білдірді. Бұл жеңіс – тек Ернұрдың жеке табысы ғана емес, ШҚУ мен тұтас ел спортшыларының абыройын асқақтатқан айтулы оқиға болды.

Еске сала кетсек, Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен Әлем кубогында Ернұр Қайырбеков 63,5 кг салмақ дәрежесінде төрт қарсыласын да айқын басымдықпен жеңіп, WAKO (World Association of Kickboxing Organizations) және Өзбекстан кикбоксинг қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған халықаралық турнирдің басты трофейін иеленді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өз студенттерінің жетістіктерін әрдайым мақтан тұтады және ел намысын абыроймен қорғайтын жастарды барынша қолдайды.

.