21 июля 2025


ҚАБАНБАЙ БАТЫР АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КАФЕДРА 139 ОФИЦЕР МЕН СЕРЖАНТ ДАЙЫНДАП ШЫҒАРДЫ

Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра курсанттары екі жыл бойы толық оқу бағдарламасынан өтіп, әскери ант қабылдады. Биыл кафедраны 99 офицер мен 40 сержант тәмамдады. Әскери кафедра бастығы Александр Керенцевтің айтуынша, бұл — кафедра тарихындағы мерейтойлық бесінші түлектер легі. Бес жыл ішінде кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының еңбегімен 639 түлек аяқтады.

Салтанатты бөлім барысында курсанттар әскери шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, жоғары деңгейдегі дене дайындығын және жауынгерлік қаруды меңгеру машықтарын танытты.

— Бүгін біз үшін ерекше күн. Біз бұл екі жылды Отан үшін адал қызмет ету мақсатында білім алып, дайындалумен өткіздік. Оңай болған жоқ, бірақ бұл соған тұрарлық еді. Баршамызға бейбіт аспан тілеймін, — деді Amanzholov University студенті Мария Колчина.

Айта кетейік, әскери кафедрада сегіз мамандандырылған сынып, дәріс залы, әдістемелік кабинет, саптық алаң, спорт қалашығы, тактикалық жаттығу алаңы, электронды және оқ ату тирі, техника сақтауға арналған бокс жұмыс істейді. Оқу аудиториялары оқытуға арналған техникалық құралдармен, макеттермен, бейнепроекторлы интерактивті тақталармен және нетбуктермен жабдықталған.

Офицерлер мен сержанттар қорын даярлау жоғары білім беру бағдарламалары негізінде әскери есепке алу мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне жұмысқа орналасып, өз білімін, батылдығы мен жауапкершілігін іс жүзінде көрсете алады.