31 января 2026


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫ: ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ МЕН ҚҰҚЫҚ ҮСТЕМДІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттілігіміздің берік іргетасы, құқықтық жүйенің өзегі әрі ел дамуының бағытын айқындайтын басты құжат. Осы тұрғыдан алғанда ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды әрі жауапты қадам ретінде бағаланады. Қоғамдағы сұраныс пен заман талабына сай дайындалған бұл жоба конституциялық деңгейде «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нақты әрі жүйелі түрде орнықтыруды көздейді. Аталған қағидаттар заңның үстемдігін күшейтуге, әділ басқару жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға бағытталған.

Жаңа Конституция жобасы еліміздің қандай құндылықтарды ұстанатынын және болашақта қай бағытта дамитынын айқын көрсетеді. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық беру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, азаматтық қоғамды дамыту секілді маңызды идеялар берік бекітілген. Бұл – мемлекеттің тұрақты даму жолын таңдағанын, қоғамның әл-ауқаты мен келер ұрпақтың болашағына жауапкершілікпен қарайтынын айғақтайтын тұжырымды ұстанымдар.

Айта кету қажет, Конституция жобасы алты айға жуық уақыт бойы жан-жақты зерттеліп, кең көлемде қоғамдық талқылаудан өтті. Осы кезеңде 2000-ға жуық ұсыныс келіп түсіп, олардың барлығы мұқият қаралды. Жұмыс нәтижесінде Конституциялық комиссия Конституцияның 77 бабына, яғни 84 пайызына өзгерістер енгізу қажет деген ұсыныс білдіріп, бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тапты. Мұның өзі жаңартылған Ата заңның халықтың пікірі мен мүддесін ескере отырып әзірленгенінің маңызды дәлелі. Сондықтан жаңартылған Конституция еліміздің құқықтық мемлекетті нығайтуына, әділетті қоғам құруына және ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз болады деп сеніммен айтуға болады.