9 сентября 2025


ҚАНИПА БІТІБАЕВАНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасында «Қанипа Бітібаеваның ғылыми зерттеулері – Абай мұрасын оқытудың негізі» атты маңызды тақырыпта ғылыми қоғам өкілдерінің бас қосуы өтті.

 

«Қанипа Омарғалиқызы – халық мұғалімі дәрежесіне дейін көтерілген ұстаз, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Оның саналы ғұмыры, ғылыми ізденістері мен педагогикалық еңбегі – бүгінгі ұстаздар қауымы үшін таусылмас қазына, өскелең ұрпақ үшін жол көрсететін шамшырақ», – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

 

Кездесу барысында Қанипа Бітібаеваның әдістемелік мұрасы мен тәжірибесінің қазіргі білім беру жүйесіндегі орны кеңінен талқыланды. Әсіресе, Абайдың рухани мұрасын жас ұрпаққа тиімді жеткізудің жолдарына ерекше назар аударылып, жаңа идеялар мен ғылыми тұжырымдар ұсынылды.

 

Бұл шара тек сараптамалық пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастық пен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызын айқындаған тағылымды кездесу болды. Ұлы Абай мұрасын оқыту – жастардың санасын қалыптастырудың өзегі, ал Қанипа Омарғалиқызының ғылыми еңбектерін насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз.