20 марта 2026
«ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!»: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ
«Наурызнама» онкүндігі мен Digital Nauryz – 2026 аясында Аманжолов университетінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде және жоғары деңгейде аталып өтті. «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш бірлік пен рухани жаңғырудың, сондай-ақ қазақ халқының бай мәдени мұрасына деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Іс-шараның шымылдығы «Бастаңғы» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Ұлттық нақышта безендірілген сахна, дәстүрлі дастархан мен тұрмыстық бұйымдар көрермендерді қазақы ортаға жетеледі. Студенттердің шынайы ойыны арқылы үлкендер жоқта ұйымдастырылатын жастар басқосу дәстүрі көркем түрде бейнеленіп, қонақжайлық, сыйластық және ұлттық өнердің маңызы айқын көрсетілді.
Кештің жүргізушілері қонақтарды жылы қарсы алып, Наурыз мейрамының мән-маңызына тоқталды. Олар бұл мерекенің тек күн мен түннің теңелуі ғана емес, жаңару мен үміттің, ізгі бастамалардың бастауы екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік бағдарлама мазмұнға бай болды. Көрермендер Идаятов Расулдың орындауындағы әйгілі «Ерке сылқым» күйін тыңдап, ұлттық өнердің әсемдігіне тәнті болды. Сонымен қатар Казимова Аяулы, Бейсенхан Жемісгүл және Сержан Дильназ орындаған әндер кештің көркін қыздырып, залға ерекше жылулық сыйлады.
Бағдарламада ұлттық ойындарға да кең орын берілді. Студенттер «Ақшамшык», «Ақсүйек» және «Алтын қабақ» секілді дәстүрлі ойындарды таныстырып, олардың ережелерімен қатар тәрбиелік мәнін де түсіндірді. Бұл ойындар арқылы ептілік, мергендік, тапқырлық және командалық рух қалыптасатыны көрсетілді.
Кештің көркін аша түскен сәттердің бірі – «Күміс құмған-ай» халық әнінің орындалуы болды. Әуезді ән кешке ерекше ұлттық бояу мен рухани тереңдік сыйлады.
Іс-шара соңында жүргізушілер барша қатысушыларды Наурыз мейрамымен құттықтап, әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен қуаныш тіледі. «Жылымыз берекелі, әр үйіміз мерекелі болсын!» деген ақжарма тілектер кештің әсерлі қорытындысына айналды.
«Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік кеші университет қабырғасында ұлттық құндылықтардың дәріптеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.






