26 ноября 2025
ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ШҚО бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Департаментінің бітіруші курс студенттерімен кездесулері басталды. Кездесуде жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде оқу, мемлекеттік қызметке қабылдау және конкурстық іріктеуден өту мәселелері талқыланды.
Департамент өкілі Айнұр Мұстафина мемлекеттік қызметке қабылдау мүмкіндіктері, өңірдегі мемлекеттік органдардың құрылымы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің екі түрі — әкімшілік және саяси қызмет туралы ақпарат берді. Негізгі назар әкімшілік мемлекеттік қызмет мәселелеріне аударылды.
Қазақстанда мемлекеттік қызметші болу үшін «E-Qyzmet» порталына тіркеліп, бірнеше іріктеу кезеңдерінен өту қажет. Олардың қатарында: заңнаманы білу бойынша тестілеу (Қазақстан Республикасы Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңдар, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі және мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодексі), мемлекеттік тілді білу тесті, жеке қасиеттерді бағалау және қорытынды сұхбат бар. Қатысу үшін үміткерлер біліктілік талаптарына сай болуы және Қазақстан Республикасының азаматтығын иеленуі тиіс. Толық ақпарат пен өзекті бос жұмыс орындарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің www.kyzmet.gov.kz сайтынан табуға болады.
Айнұр Мұстафина үміткерлерге қойылатын талаптарды, өтуге тиіс кезеңдерді және мемлекеттік қызметшілер үшін қарастырылған әлеуметтік қолдау шараларын түсіндірді. Студенттер тарапынан «Дипломмен — ауылға» бағдарламасына қатысты сұрақтар ерекше қызығушылық тудырды.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік грант негізінде оқыған және GPA көрсеткіші кемінде 3.33 болатын түлектер аудандық немесе ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарға конкурссыз қабылдана алады. Бұған қоса, олар үшін тұрғын үй сатып алу немесе салу мақсатында көтерме қаржылай қолдау көзделген.
Кездесу барысында мансаптық өсім мәселесіне де назар аударылды. Жұмысқа орналасқан жас мамандарға бейімделуіне көмектесетін тәлімгер бекітіледі. Қызметкерлер жұмыс барысында семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Сондай-ақ студенттерге бір жылдық практикалық еңбек өтілінен кейін Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу мүмкіндігі туралы айтылды. Бұл ретте маманның лауазымы, еңбекақысы, сондай-ақ салық және зейнетақы аударымдары сақталады.
Департамент өкілдері университет студенттерін және қызығушылық танытқан барлық тұлғаларды Жас мемлекеттік қызметшілер мектебіне қатысуға шақырды. Ол үшін 1-оқу корпусындағы 209-кабинетте орналасқан «Professional Upgrading» карьера орталығына өтініш беру қажет.
Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған барлық мәселелер бойынша жан-жақты жауап алды. Кездесу мемлекеттік қызмет саласында мансап құруды жоспарлаған жас мамандар үшін мазмұнды және пайдалы болды.