30 октября 2025


ӘДЕБИ ЖӘНЕ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТУРИЗМ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен AP26199899 «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің аймақтық интеграциясы: топонимдердің этимологиясы мен мекендік аңыздарды цифрландыру» мақсатты бағдарламалық жобасы аясында студенттерге арналған танымдық кездесу өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін таныту, ұлттық мәдениетті дәріптеу, әдеби-аңыздық мұралар мен топонимдерге негізделген туризм бағыттарын дамыту.

Кездесуге «Ұлттық құндылықтар» жобасының авторы, ұстаз, журналист, «AT TRAVEL» салт аттылар клубының мүшесі, «Садақ ату өнері» және «Иппотерапия / атқа міну» үйірмелерінің жетекшісі, 3-санатты салт атты спорт туризмінің қатысушысы Дидар Оралбекұлы арнайы шақырылды.

Астана қаласынан келген қонақ студенттермен ұлттық рухты жаңғырту, салт-дәстүрді сақтау және тарихи-мәдени маршруттарды насихаттау бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол салт атпен елдің киелі аймақтарына жасаған сапарлары туралы тың деректер келтіріп, Жошы хан мазарына, Бозоқ қалашығына, Жидебайға және басқа да тарихи бағыттарға барған кезде жинаған әсерлерін баяндады.

Кездесу барысында студенттер қазақ халқының дәстүрлі ат мәдениеті, садақ ату өнері, ұлттық туризмнің ерекшеліктері және рухани-тарихи бағыттар туралы жан-жақты мағлұмат алды. Спикер ұлттық құндылықтарды тәжірибе арқылы меңгерудің маңыздылығына тоқталып, жастарды табиғатты қорғауға, тарихқа құрметпен қарауға және ұлттық болмысты сақтауға шақырды.

Жиын соңында қатысушылар қонаққа сұрақтар қойып, пікір алмасты. Шара жастардың тарихи санасын нығайтып, ұлттық туризмнің жаңа қырларын ашуға, рухани-мәдени бағыттағы білімін арттыруға ықпал етті.