14 октября 2025


ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ҒЫЛЫМ: УНИВЕРСИТЕТТЕ ТҮРКИЯЛЫҚ ПРОФЕССОР ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

Amanzholov University-ге Түркияның Мугла Сыткы Кочман университетінің белгілі ғалымы, профессор Мехмет Өзтүрік келді. Ол – 2025 жылы Стэнфорд университетінің рейтингі бойынша әлемнің үздік 2% ғалымының қатарына енген жоғары деңгейлі зерттеуші.

Профессордың сапарының мақсаты – докторанттар мен магистранттармен бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізу, тәжірибе алмасу және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту.

Мехмет Өзтүрік – Мугла Сыткы Кочман университетінің аналитикалық химия кафедрасының профессоры, бірқатар беделді халықаралық журналдардың редакциялық алқасының мүшесі, сондай-ақ Еуропалық молекулалық биология ұйымының (EMBO), Дамушы елдер академиясының (TWAS) және Түркия ғылым академиясының мүшесі.

Мұндай деңгейдегі ғалымдармен әріптестік орнату Amanzholov University үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл халықаралық ғылыми қауымдастыққа кірігуге, зерттеу қызметінің сапасын арттыруға және университеттің халықаралық беделін көтеруге ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай сапарлар жас ғалымдар мен студенттерге озық тәжірибе алуына, бірлескен жобаларға қатысуына және беделді ғылыми басылымдарда жариялануына мүмкіндік береді. Нәтижесінде университет пен өңірдің ғылыми әлеуеті айтарлықтай артады.