20 ноября 2025


ӨСКЕМЕНДЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ КЕЙС-КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Өскемен қаласындағы №41 мектеп базасында облыстық кейс-конференция өтті. Жиынға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының мамандары, жоғары оқу орындары, мектептер, колледждер және ата-аналар қауымдастығынан 140-тан астам өкіл қатысты. Іс-шара Инклюзия жөніндегі Бірінші Дүниежүзілік конгресс аясында және Халықаралық дефектолог күніне орай ұйымдастырылды.

Конференцияға облыстық басқармалар басшылары мен білім беру жүйесінің жетекші мамандары қатысып, ЕББҚ бар балаларды қолдау жүйесін жетілдіру, мамандар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.

Amanzholov University атынан басқарма төрағасының орынбасары — Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова пленарлық отырыста инклюзивті білім беру үшін педагог кадрларын даярлау және университеттің ББЖ басқармасымен ынтымақтастығы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова «Dana bala» ғылыми-тәжірибелік орталығы аясында ЕББҚ бар балаларды сүйемелдеуге арналған цифрлық шешімдерді таныстырды.

Секциялық шеберлік сабақтарында Юлия Кукина мен Рауан Байчинов өз тәжірибелерімен бөлісті. Конференция қорытындысы көрсеткендей, әр баланың бойында ерекше ресурс бар, ал мамандардың үйлесімді жұмысы сол әлеуетті толық ашуға мүмкіндік береді.

Amanzholov University инклюзияны дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыра береді.