3 июля 2025
2025 ЖЫЛ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ЖАҢА БУЫНЫ
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының сахнасында ауқымды мерекелік көңіл-күй әлі де жалғасуда. Бүгін өздерінің қажырлы еңбегін дәлелдейтін көптен күткен дипломдарын Amanzholov University-дің Педагогика жоғары мектебі мен Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің түлектері салтанатты түрде қолдарына алды.
2025 жылы Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебін 329 студент тәмамдады, олардың 36-сы – білім үздігі. Студенттердің үлгерім деңгейі 85%-дан асты. Бұл түлектердің жоғары жауапкершілігін, білім сапасының деңгейін және профессорлық-оқытушылық құрам жұмысының тиімділігін көрсетеді. Салтанатты жиында университет ректоры Мұхтар Төлеген мақтанышпен атап өткен жетістіктер қатарында:
· 85 студент – «Алтын белгі» иегері
· Моңғолия, Ресей және Германиядан келген 24 шетелдік студент білім алуда
· 16 студент – ҚР Президенті стипендиясының иегері
· 3 студент – С. Аманжолов атындағы стипендия лауреаты
· 4 студент – Абай атындағы стипендия иегері
— Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің түлектері гуманитарлық білімнің заманауи, сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Алдағы уақытта сіздерді үлкен жетістіктер күтуде. Университет қабырғасында алған білімдеріңіз кәсіби өмірлеріңізде сенімді тірек болсын! Бүгінде жоғары мектеп 17 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Оның алтауы еңбек нарығының сұранысына және қазіргі заман талаптарына сай жаңадан әзірленген. Жаһандық үрдістерге бейімделе алатын жоғары білікті мамандарды даярлау – біздің басты басымдығымыз, — деді Мұхтар Төлеген.
— Бүгін – бәріміз үшін ерекше күн. Бұл – балаларымыздың білімге деген ұмтылысының, қажырлы еңбегінің жеңісі. Университет әкімшілігіне керемет мереке ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, — деді түлектің анасы Сәуле Рауанова.
Түлектерімен мақтанатын тағы бір құрылым – университеттің ең көне бөлімдерінің бірі саналатын Педагогика жоғары мектебі. 1958 жылы құрылған бұл мектеп еліміздің білім беру жүйесіне өлшеусіз үлес қосты. Осы уақыт ішінде 10 000-нан астам педагог маман дайындалып шықты.
Педагогика жоғары мектебінің деканы Гүлнара Күленова 2024 жылдың қаңтарында «Атамекен» ҰКП жүргізген қазақстандық ЖОО-лардың білім беру бағдарламалары рейтингінің нәтижелері жарияланғанын атап өтті. Бұл рейтинг бойынша Педагогика жоғары мектебінің төрт бағдарламасы үздік үштікке енді:
· «Бастапқы әскери дайындық»
· «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»
· «Психология»
· «Музыкалық білім беру»
Сонымен қатар, «Дене шынықтыру және спорт», «Сауықтыру дене шынықтыруы» бағдарламаларының студенттері түрлі спорттық жарыстардың тұрақты жүлдегерлері болып табылады. Биыл университетті халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Токио-2020» Олимпиадасының қатысушысы, жүзуден әлем чемпионатының финалисті Нуралы Советканов, 2021 жылғы әлем чемпионы, спорт шебері Мәжжан Шеризатов, MMA Free Fighting бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бақжанар Нұрланбекұлы және басқа да танымал спортшылар тәмамдады.
— Сіздердің өмірлеріңізде жаңа кезең басталуда. Бүгін сіздер университет қабырғасынан тек түлек ретінде емес, нағыз маман ретінде шығасыздар. Сіздерге сенімділік, жарқын жеңістер мен дұрыс шешімдер тілеймін, — деді Гүлнара Күленова.
Айта кету керек, білім – бұл тек жеке жетістік қана емес, ол — мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Жоғары білікті, жауапты және отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу – жаһандық трансформация жағдайындағы жоғары білім беру жүйесінің басты міндеті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар – мемлекеттің тірегі, ал олардың жетістігі – ұлттың жетістігі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Сол себепті бүгінде елге білімді, ұстанымы берік, бастамашыл, шешім қабылдай алатын және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастар қажет.
Amanzholov University түлектері – бұл білімді қоғамға жеткізетін, құндылықтарды қалыптастыратын, жаңа ұрпақты тәрбиелейтін және ұлттың рухани негізін нығайтатын жас мамандар. Олардың кәсіби жолы – тұрақты даму, әлеуметтік әділеттілік және елдің интеллектуалдық жаңғыруына бағытталған мемлекеттік миссияның жалғасы.