27 февраля 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ ІС-ТӘЖІРИБЕСІ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР СЕНІМДІ ҚАДАМ
Университеттегі кәсіби іс-тәжірибе – білім алушының теориялық білімін нақты өмірлік тәжірибемен ұштастыратын маңызды кезең. Бұл – болашақ маманның кәсіби құзыреттілігімен қатар жауапкершілігі, бастамашылдығы мен азаматтық ұстанымы қалыптасатын орта.
Бүгінде университеттің төрт мыңнан астам білім алушысы педагогикалық және өндірістік тәжірибеден өтуде. Олар мектептерде, кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелер мен серіктес ұйымдарда өз білімдерін практикада шыңдап, еңбек нарығының нақты талаптарымен танысуда. Көпжылдық серіктестік нәтижесінде көптеген практиканттар тәжірибе барысында немесе оқуын аяқтаған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуда.
Педагогикалық бағыттағы білім алушылар тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен мұғалім, тәрбиеші, психолог, логопед рөлдерінде кәсіби дағдыларын дамытады. Әсіресе инклюзивті және коррекциялық мекемелердегі тәжірибе болашақ педагогтардың эмпатиясын, жеке тәсіл қолдану қабілетін және кәсіби тұрақтылығын арттырады. Бұл кезеңде олар тек педагогиканы меңгеріп қана қоймай, маман ретінде қалыптасады.
Өндірістік тәжірибе барысында болашақ экономистер, менеджерлер, IT-мамандары мен аналитиктер нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысып, жобалық жұмыстар атқарады. Бұл өз кезегінде жүйелі ойлау, жеке жауапкершілік және тиімді шешім қабылдау қабілеттерін қалыптастырады.
Құқық қорғау органдарындағы тәжірибе білім алушылардың құқықтық мәдениетін, аналитикалық ойлауын және әділеттілік қағидаттарына адалдығын нығайтады. Ал тәжірибе базаларының жетекшілері студенттердің командада жұмыс істеу, бастамашылық таныту және нәтижеге жауап беру қабілеттерін жоғары бағалайды.
Университет басшылығы кәсіби тәжірибе үшін қолайлы жағдайлар жасап, білім, ғылым және өндіріс интеграциясын дамытуға бағытталған бастамаларды тұрақты қолдайды. Бұл әр білім алушыға өз әлеуетін ашып, кәсіби болашағын сенімді құруға мүмкіндік береді.
Кәсіби іс-тәжірибе – теория мен шынайы өмірді байланыстыратын, мамандықтың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіндіретін маңызды кезең.





