2 апреля 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АУТИЗМ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАРАТУ КҮНІНЕ ОРАЙ АКЦИЯ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жыл сайын 2 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай арнайы іс-шара өтті.

Акцияны «Dana bala» инклюзивті және үздіксіз білім беру орталығы мен психология және коррекциялық педагогика кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды. Бастамаға «Дефектология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері белсенді қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аутизм туралы қоғамның хабардарлығын арттыру, аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балалардың мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ оларды қолдау мен қоғамға бейімдеудің маңыздылығына назар аударту болды.

Акцияға Жоғары колледж студенттері педагогтар Ж.А. Оразғалиева мен Л.А. Асылханованың жетекшілігімен қатысты.

Бағдарлама аясында төрт интерактивті алаң ұйымдастырылды: «Сөзсіз түсін», «Ерекше әлем», «Ашық алаң» және «Сенім». Қатысушылар аутизмі бар адамдардың қабылдау ерекшеліктерін модельдейтін арнайы тапсырмаларды орындап, эмпатия мен түсіністікті дамытуға бағытталған ойын форматтарында белсенділік танытты.

Интерактивті формат қатысушыларға аутизм спектрі бұзылыстары бар адамдардың күнделікті өмірде кездесетін сенсорлық және коммуникативтік ерекшеліктерін тереңірек сезінуге, сондай-ақ әлемге олардың көзқарасымен қарауға мүмкіндік берді.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын 6 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар мен жасөспірімдердің суреттер көрмесі тудырды. Көрмеде авторлардың әлемді ерекше қабылдауы мен шығармашылық әлеуеті көрініс тапты. Сонымен қатар Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне арналған арнайы ақпараттық стенд те ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамда инклюзия мәдениетін қалыптастыруға, эмпатияны дамытуға және инклюзивті білім беруден инклюзивті қоғамға қарай қадам жасауға ықпал етеді.