16 октября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ ОҢДАСЫН ЕЛУБАЙДЫҢ «ҒҰМЫР ДАСТАН» ЖӘНЕ «КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ» АТТЫ КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде белгілі жазушы, журналист, «Қазақ спорты» газетінің меншікті тілшісі Оңдасын Елубайдың «Ғұмыр дастан» және «Көзден кетсе де» атты жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.

Іс-шараны университет ректоры, Басқарма төрағасы Мұхтар Төлеген ашып, жазушының шығармашылық еңбегіне жоғары баға берді. Өз сөзінде ол Оңдасын Елубайдың туындылары арқылы ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидаттардың дәріптеліп, ұлт руханиятының байи түсетінін атап өтті. Қазақ халқының дәстүрі бойынша қаламгерге құрмет көрсетілді.

Оңдасын Елубай — журналист, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, мәдениет пен спорттың еңбек сіңірген қайраткері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы.

Кітаптардың тұсаукесері Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші Жанаділ Атаев пен Мұхтар Әділбекұлының қатысуымен салтанатты жағдайда өтті. Бұл сәт университет ұжымы мен студенттер үшін рухани әсерге толы маңызды оқиға болды.

Іс-шараға сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, кикбоксингтен төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, университет түлегі Асқар Можанов қатысып, жазушыға шығармашылық табыс тілеп, жастар үшін рухани мотивацияның маңызын атап өтті.

Кеш барысында Жанаділ Атаев жылы лебіз білдіріп, автор еңбектеріндегі тәрбиелік және рухани құндылықтарға тоқталды. Сонымен қатар «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті, жас ақын Әли Ермеков жазушыға арналған арнау өлеңін оқыды.