27 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСЫ МЕН ДРОППЕРЛІК ТУРАЛЫ ДӘРІС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті-де цифрлық дәуірдің өзекті қауіптеріне — жасанды интеллектіні алаяқтық схемаларда пайдалану және дропперлік мәселесіне арналған профилактикалық іс-шара өтті.

Спикерлер ретінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері сөз сөйледі: әкімшілік басқарма басшысы Райхан Рахматуллина, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Жандос Музтауов, басқарма (штаб) басшысы Жанар Тайгаранова, сондай-ақ сениор-лектор Динара Мамырбекова.

Дәріс барысында қатысушыларға жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен тәуекелдері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе заманауи технологиялардың дипфейк жасау, фишингтік шабуылдар ұйымдастыру, жалған сайттар құру және кибералаяқтықтың басқа да түрлерінде қалай қолданылатынына ерекше назар аударылды.

Спикерлер дропперлердің кім екенін және олардың қылмыстық қаржылық схемалардағы рөлін түсіндірді. Тәуекел тобына көбінесе жеңіл табысқа қызығатын жастар кіретіні атап өтілді. Қатысушыларға мұндай заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін қарастырылатын жауапкершілік түрлері, оның ішінде қылмыстық және қаржылық салдарлары туралы ақпарат берілді.

Іс-шара барысында дауыс және бейне дипфейктерді пайдалану арқылы жасалған алаяқтықтың нақты мысалдары, сондай-ақ интернет арқылы танысу және инвестициялық алдау схемалары қарастырылды. Студенттерге алаяқтардың заманауи технологиялар арқылы сенімге қалай кіретіні көрсетілді.

Дәрістің интерактивті бөлігі ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, анонимді сауалнамаға қатысып, онлайн-квиз арқылы цифрлық қауіпсіздік бойынша білімдерін тексерді. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.

Іс-шара соңында студенттерге алаяқтықтан қорғану бойынша практикалық ұсыныстар берілді: жақындарымен кодтық сөздерді қолдану, бейтаныс адамдарға ақша аудармау, ақпаратты мұқият тексеру және цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау.

Осындай іс-шаралар жастардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және заманауи киберқауіптерге қарсы тұрақтылық қалыптастыруға ықпал етеді.