15 сентября 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «КУРАТОРЛАР КЕҢЕСІ» ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде академиялық топ кураторларына әдістемелік және ақпараттық көмек көрсету мақсатында дәстүрлі «Кураторлар кеңесі» өтті. Кеңесте 2025-2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспары таныстырылып, жаңа оқу жылының басты бағыттары айқындалды.

Алғы сөзді Басқарма мүшесі – тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Жанетта Калимолдина сөйлеп, бала тәрбиесі, жастардың қауіпсіздігі, бос уақытын тиімді өткізу маңызын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Жолдауындағы жастарға қатысты ойларын тілге тиек етіп: «Біздің міндет тек білім беру ғана емес, ең алдымен – баланы тәрбиелеу» деді.

Кеңес барысында келесі тақырыптар талқыланды «Мемлекет басшысының Жолдауы: жастарға берілетін жаңа мүмкіндіктер, цифрлық трансформация және “Al-Sana” бағдарламасы», «Ғылыми үйірмелер – студенттік ғылымды дамытудың маңызды құралы», «Freedom Bank карталарының тиімді жақтары мен артықшылықтары», «Құқық бұзушылықтың алдын алу және студенттердің құқықтық қауіпсіздігі», «Психологиялық жаттығулар және кураторлық сағаттарды тиімді ұйымдастыру», «Студенттер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары», «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты (2022–2026 жж.)», «Студенттердің медициналық тіркеуі туралы ақпарат».

Кеңес барысында Жоғары мектептердің үздік кураторлары марапатталып, оларға музыкалық сәлемдеме тарту етілді.

Бұл жиын кураторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, студенттермен жұмысты тиімді ұйымдастыруға және тәрбие жұмысының жаңа бағыттарын айқындауға зор ықпал етті.