5 января 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ, УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕГІ ОЛЖАС НҰРАЛДИНОВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Amanzholov University-де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, университеттің 2011 жылғы «Құқықтану» мамандығы бойынша түлегі Олжас Ельтайұлы Нұралдиновпен студенттер мен оқытушылардың кездесуі өтті.
Іс-шараға «Ақ жол» Демократиялық партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері — филиал төрағасы Қанапия Бохаев пен төраға орынбасары Меруерт Смағұлова, сондай-ақ университеттің оқытушылары, студенттері мен қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Олжас Нұралдинов студенттік жылдарын еске алып, Amanzholov University-дің өзінің кәсіби әрі тұлғалық қалыптасуындағы айрықша рөлін атап өтті. Ол соңғы жылдары университетте айтарлықтай оң өзгерістер болғанын, инфрақұрылымның жаңғыртылып, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жаңа орталықтардың ашылғанын, заманауи әрі қолайлы білім беру ортасының қалыптасқанын айтты. Депутат жаңартылған аудиториялар, заманауи залдар мен университеттің жоғары технологиялық даму деңгейі жағымды әсер қалдырғанын жеткізді.
Өз сөзінде Олжас Нұралдинов Amanzholov University-де жасанды интеллект бағытының жүйелі түрде дамуына ерекше тоқталды. Ол Universiti Pendidikan Sultan Idris (UPSI, Малайзия) университетімен әріптестік аясында құрылған AI Amanzholov халықаралық жасанды интеллект орталығының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл орталық университеттің технологиялық әлеуетін нығайтып, студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады — академиялық ұтқырлық, Малайзияда білім алу және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру бағытында.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер қазіргі қоғамдық-саяси үдерістерге, қоғамдық қызметке, кәсіби сын-қатерлерге және жеке тәжірибеге қатысты сауалдар қойып, тұшымды әрі жан-жақты жауаптар алды.
Талқылау барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдің жаңғыруының жаңа кезеңіне арналған жуырдағы сұхбатындағы негізгі тезистерге де назар аударылды. Қатысушылар өзгерістер кезеңіндегі жастардың рөлі, еңбектің құндылығы мен жеке жауапкершілік, Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәні, сондай-ақ мемлекеттік мүмкіндіктердің әлеуметтік масылдықты емес, нақты «әлеуметтік лифттерді» қалыптастыруы тиіс екендігі жөніндегі мәселелерді қозғады.
Бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығы мен түлектер мен студенттер арасындағы берік байланыстың айқын көрінісі болды. Amanzholov University сапалы білім беретін, қоғам көшбасшылары мен заманауи басқарушыларды даярлайтын оқу орны ретінде өзін лайықты түрде танытып келеді. Бүгінде өңір атынан парламенттік деңгейде университет түлектері — Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов, Ерлан Саиров, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов ел мүддесіне қызмет етуде. Олардың кәсіби жолы мен қоғамдық қызметі Amanzholov University үшін зор мақтаныш, ал түлектердің туған alma mater-мен байланысы университет дәстүрінің маңызды әрі ажырамас бөлігі болып қала береді.








